«Өлтіремін» деп қорқытқан: Алматыда бойжеткенді таспен қуған ер адам іздестіріліп жатыр

02.10.2026 • 22:27 Қарақат АСЫЛОВА
«Өлтіремін» деп қорқытқан: Алматыда бойжеткенді таспен қуған ер адам іздестіріліп жатыр
396
Видеодан кадр

Алматыда бойжеткенге тап беріп, қолына тас алып соңынан қуған ер адамды полиция іздеп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға Әуезов ауданындағы Жетісу-4 шағынауданында болған.

Жәбірленушінің сөзінше, азық-түлік дүкенінің жанында мас күйдегі ер адам онымен жанжалдасып, күш қолдануға әрекет жасаған. Кейін қолына тас алып, бойжеткеннің соңынан қуып, оған түрлі заттар лақтырған. Сондай-ақ қызды өлтіремін деп қорқытқан.

Қауіптен қашқан бойжеткенге сол маңдағы ер адамдардың бірі көмекке келіп, араша түскен. Жәбірленуші айналада адам көп болғанымен, өзге ешкімнің көмектесуге әрекет жасамағанын айтады.

Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан күдіктінің түрін анық көруге болады.

Алматы полициясы аталған жағдай бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді. Бойжеткен анықталып, полицияға түсініктеме берген. Бұған дейін ол бұл жағдайға байланысты құқық қорғау органдарына арызданбаған.

Қазір полицейлер видеодағы ер адамның кім екенін және қайда жүргенін анықтап жатыр. Оның әрекетіне құқықтық баға беріліп, заң аясында жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.

Войдите, чтобы оставить комментарий