Атырау әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуовтың ісінде жаңа күдіктілер пайда болды
Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуовпен бірге мердігер компанияның басшысы да тергеу изоляторына қамалды. Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы мәлімдейді, деп жазады Politico.kz.
Басылымның мәліметінше, атышулы қылмыстық іс бойынша күдіктілер қатары артқан. Қалалық кәріз жүйелерін жөндеуге қатысқан "БУРМОНТАЖGROUP" ЖШС-нің басшысы, 1988 жылы туған Фархат Еңсегенов те қазір қамауда отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 366-бабы 4-бөлігіне сай "аса ірі мөлшерде пара алды" деген айып тағылған. Бұл компания жобаның бас мердігері саналатын "Сапа Құрылыс 2007" мекемесінің қосалқы мердігері болған.
Тараған ақпаратта шенеунік ұсталған күні оның 25 жастағы ұлы Дәулет Алдарбергенұлы да құрықталғаны айтылады. Алайда тергеу әрекеттерінен соң ол босатылған. Дереккөздердің сөзіне қарағанда, заңсыз қаражатты беру дәл осы ұлы арқылы жүзеге асқан. Сондай-ақ тергеу екі адаммен шектелмейтіні, істе басқа да күдіктілердің пайда болуы әбден мүмкін екені айтылады.
"Заңсыз сыйақының жалпы сомасы 600 млн теңгені құраған, бірақ күдіктілер 100 млн теңге көлеміндегі алғашқы траншты алған сәтте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оларды қолға түсірді", – делінген басылым хабарламасында.
Қазір журналистер Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратураға, әкімдікке ресми сауал жолдап, іске қатысушылардың мәртебесін нақтылауды сұраған.
Айта кетейік, бұл Атырау әкімдігі басшылығына қатысты соңғы кездегі екінші даулы іс. Бұған дейін қала әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов қылмыстық іс фигуранты атанған еді, ал енді қала басшысының міндетін атқарушы да тергеуге ілініп отыр.
Соңғы жаңалықтар