Атырауда бір топ жігіт екі полицейді соққыға жықты
Атырау облысының Мақат ауданында бір топ жас жігіт қызмет барысында жүрген екі тәртіп сақшысын жабылып соққыға шыққан, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 3 сәуір күні сағат 22.00 шамасында болған. Полиция қызметкерлері заңсыз әрекетті тоқтатпақ болған кезде бір топ азамат агрессия танытып, оларға күш қолданған. Қазіргі уақытта жанжалға қатысқандардың барлығы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
«Тексеру барысында бір топ азаматтың агрессия танытып, полиция қызметкерлеріне күш қолданғаны анықталды. Нәтижесінде екі қызметкер зардап шекті. Билік өкілдеріне күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, осыған ұқсас жағдай бұған дейін Қостанайда да болған еді. Онда мас күйіндегі 3 адам өздеріне ескерту жасаған полицейді ұрып-соққан болатын. Кейіннен қолға түскен бұзақылар еліміздің барлық тәртіп сақшыларынан кешірім сұрады.
Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету бабы бойынша заңға сәйкес бұл қылмысты жасағандар 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар