Атыраудағы «хакер» ісі: полиция жаңа мәліметтерді жариялады
Атырау облысының полиция департаменті өзін «хакер» деп таныстырып, өңірде жоғалған отбасы туралы әлеуметтік желілерде жеке нұсқасын таратқан азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың сәуір айында алаяқтық деректері бойынша төрт арыз тіркелген. Осы фактілер негізінде төрт эпизодтан тұратын қылмыстық іс қозғалған. Құқық қорғау органдары бұл істің Жангелдин ауылында отбасының жоғалу оқиғасына қатысы жоқ екенін нақтылады.
Қазіргі таңда күдіктіге халықаралық іздеу жарияланған. Полиция оның нақты орналасқан жерін анықтау және ұстау бағытында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Ресми дерекке сәйкес, аталған азамат Қазақстан аумағынан 2025 жылдың сәуірінде, яғни әлеуметтік желіде «жеке тергеуін» жарияламай тұрып кеткен.
«Атыраулық хакер» кім?
2025 жылдың желтоқсан айында Атырау облысында бір отбасының жоғалғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін әлеуметтік желіде өзін «Атыраудан шыққан хакермін» деп таныстырған адам пайда болды. Ол бұл іске қатысты өз «зерттеуін» жүргізгенін айтып, түрлі болжамдар жариялаған.
Оның видеолары Instagram желісінде кеңінен тарап, көп қаралым жинаған. Алайда полиция таратқан мәліметке сәйкес, аталған азаматқа қатысты қозғалған қылмыстық іс алаяқтық фактілеріне байланысты және отбасының жоғалуына тікелей қатысы жоқ.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырады.
Соңғы жаңалықтар