Айбек Барыс бәсекелесін балағаттағаны үшін сотталды

14.10.2026 • 13:22 Қарақат АСЫЛОВА
Айбек Барыс бәсекелесін балағаттағаны үшін сотталды
213
Коллаж Politico.kz/Фото – orda.kz

Әскери техника шығаратын екі кәсіпкердің арасындағы дау сотқа дейін жетті. Астанада Айбек Барыс әріптесі Марат Есімсейітовке балағат сөздер жазылған аудиохабарламалар жібергені үшін кінәлі деп танылды. Алайда ол тағайындалған жазадан рақымшылыққа байланысты босатылды, деп хабарлайды Politico.kz тілшісі.

Бұл туралы журналист Михаил Козачков жазды.

Оның мәліметінше, әскери салада кәсіп жүргізетін Айбек Барыс пен Марат Есімсейітовтің арасында былтыр түсініспеушілік туындаған. Кейін екеуі кездесіп, телефон арқылы сөйлесіп, мәселені шешкендей болған.

Алайда 2025 жылғы 25 желтоқсанның кешінде Барыс Есімсейітовке телефон соғып, дөрекі сөйлеген. Артынша кәсіпкер WhatsApp желісінен Барыс жіберген үш аудиохабарламаны көрген.

Журналистің жазуынша, хабарламалардың басым бөлігі балағат сөздерден тұрған. Сараптама кезінде Барыстың бірнеше бейәдеп сөзді қайта-қайта қолданғаны анықталған.

Хабарламалардың негізгі мазмұны Есімсейітовті кездесуге шақыру болған. Алайда ол мұндай сөздерден кейін кездесуге барудың орнына аудиожазбаларды нотариус арқылы тіркетіп, сотқа жүгінген.

Барыс кінәсін мойындамаған

Сотта Айбек Барыс өзіне тағылған айыппен келіспеген. Оның айтуынша, хабарламалардың өз телефон нөмірінен жіберілуі оларды міндетті түрде өзі жазғанын білдірмейді.

Козачковтың жазуынша, кәсіпкердің адвокаттары судья мен сарапшыға қарсылық білдірген. Қорғаушылардың бірі соттың кінәсінен өзінің аккаунттары бұзылғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ адвокаттар Жоғарғы сот төрағасына арнайы талдамалық анықтама жолдайтындарын айтқан. Тіпті екі кәсіпкердің арасындағы дауды бокс алаңында шешу ұсынылған.

Алайда бұл әрекеттер сот шешіміне әсер етпеген.

Сот қандай үкім шығарды?

Бірнеше айға созылған сот талқылауынан кейін Айбек Барыс қорлау әрекеті бойынша кінәлі деп танылып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесілген.

Бірақ апелляциялық сот оны рақымшылыққа байланысты жазадан босатқан.

Сонымен қатар сот адвокаттар Тимур Айтен мен Магамед Ханаевқа қатысты жеке қаулы шығарған.

Қазір сот үкімі заңды күшіне енген.

Осылайша, Айбек Барыс қорлау әрекеті үшін кінәлі деп танылғанымен, қоғамдық жұмыс жазасын өтемейтін болды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий