"Бала болмады": Жанар Айжанова неге ажырасқанын айтты
Танымал әнші әрі актриса Жанар Айжанова алғашқы жолдасы өмірден өткеннен кейін екінші рет тұрмыс құрғанын және ол некесінің де аяқталғанын мәлімдеді. Өнер иесі жиырма жыл отасқан күйеуімен екі бөлек кеткенін “Momsкий әңгіме” YouTube арнасына берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Эстрада жұлдызы алғашқы некесінен кейін тұрмысқа шыққан кездерін еске алып, екінші жолдасынан бала сүюді қатты қалағанын жасырмады. Алайда тағдырдың жазуымен бұл некеде ортақ перзент дүниеге келмеген.
”Негізі ізін суытпай тұрмысқа шығып кеткен жақсы. Негізі, ретке келсе жас кезіңде құрған тұрмыс бөлек. Онымен сен үйлесесің бе, үйлеспейсің бе әйтеуір баладан көбі үйлесіп кетіп жатады. Артынан тұрмысқа шықтым, тұрмысқа шыққанмен бермейтін Құдай бермейді екен. Айжұлдыздан кейін сонша дәмеленгенмін. Қыз болса да, ұл болса да әйтеуір жалғыз болмаса екен деп. Бұйырмады. Болмайтын нәрсеге аспанға балта шаппаймыз ғой”, — деді әнші.
Сонымен қатар Жанар Айжанова ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында тұрған жолдасымен не себепті ажырасқанын түсіндірді. Өнер иесінің сөзінше, бұл шешімге арада баланың болмауы басты себеп болған. Қызы Айжұлдызды ұясына қондырғаннан кейін, әнші жолдасының өзге некеден балалы болуына мүмкіндік беруді жөн санаған.
”Мен екінші тұрмыста 20 жыл тұрдым. Айжұлдыз тұрмысқа шыққаннан кейін екіжаққа кеттік. Өзім де соны ойлап жүргенмін, арамызда бала болмады. Ол біреудің баласы. Бала болса да, болмаса да біздер әйелден көреміз ғой. Обалына қалмайын деп бір күнде шешіп екіжаққа кеттік. 20 жыл бірге тұрдық, бала болмады. Менен анау да көреді, мынау да көреді. Ол кісі балалы болса екен деп тілеймін, әлі тілеп жүрмін”, — деді Жанар Айжанова.
Бұл сұхбат әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен қызығушылық тудырып, көпшілік әншінің шынайылығы мен бұл шешіміне түсіністікпен қарап, қолдау білдіруде.
Соңғы жаңалықтар