Балаларға қол көтерген мешіт ұстазына қатысты қылмыстық іс қозғалды

07.10.2026 • 17:25 Қанат АЙБАР
Балаларға қол көтерген мешіт ұстазына қатысты қылмыстық іс қозғалды
253
Фото: Бейнеден кадр

Балаларға қол көтергені түсірілген бейне тарағаннан кейін қызметінен босатылған мешіт ұстазының әрекетін енді полиция тергеп жатыр. Алматы облысында кәмелетке толмағандарды ұру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Полицияның мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 2 маусымда Қаскелеңдегі мешіт аумағында болған. Қазір балалармен және олардың ата-аналарымен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Ұстаздың әрекетіне құқықтық баға берілмек, тергеу полицияның бақылауында.

Еске салайық, әлеуметтік желіде тараған бейнеде Қарасай ауданындағы «Түркістан-1» мешітінің ұстазы Дүйсенхан Нұрберді балаларға қол көтерген. Оқиға «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курсы кезінде болған.

Бейне көпшіліктің назарына іліккеннен кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысындағы өкілдігі ұстаздың эмоцияға беріліп, ұстазға тән емес әрекетке жол бергенін хабарлаған.

Осыған байланысты өткен жиналыста Дүйсенхан Нұрберді қателігін мойындап, өкініш білдірген және ата-аналардан кешірім сұраған. ҚМДБ бұйрығымен ол мешіт ұстазы қызметінен босатылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий