«Баламызды аман алып қалыңдаршы»: министрлік алдында көз жасы төгілген аналар Тоқаевтан көмек сұрады
Астанада Ресейге жұмыс істеуге барып, соғыс аймағына әкетілу қаупіне тап болған қазақстандықтардың туыстары Сыртқы істер министрлігінің ғимаратына жиналды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай жазды.
Жиналған ата-аналардың айтуынша, олар балаларының көрші елге жұмыс істеуге кеткенінен мүлде хабарсыз болған. Қазіргі уақытта жақындары соғыс аймағына жіберілуі мүмкін деп алаңдаған туыстар Қазақстан билігінен азаматтарды елге тезірек қайтаруды талап етуде.
Заңгер Мейірман Шекеевтің сөзінше, азаматтарды Сыртқы істер министрінің орынбасары қабылдап, мәселенің мән-жайын тыңдаған. Ведомство өкілі бұл түйткілді шешу үшін арнайы комиссия құрылатынын жеткізген.
Бұған дейін Ресейге нәпақа табуға барған бір топ отандасымыз видеомәлімдеме жасап, алдаудың құрбаны болғандарын айтқан еді. Олар соғыс аймағына аттандырылуы мүмкін екенін мәлімдеп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған болатын.
Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі отандастарымызды елге аман-есен қайтару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жақындары құрылатын комиссия мен келіссөздер нәтижесінде азаматтардың тез арада елге оралуын күтіп отыр. Туыстардың басты талабы – отандастарымызды майданға жібермей, елге аман-есен жеткізу.
Соңғы жаңалықтар