Қазақмыстың қатысуымен Балқашта 280 орындық балабақшаның құрылысы басталды
«Қазақмыс» пен Қарағанды облысы әкімдігінің ынтымақтастығы аясында Балқашта 280 орындық жаңа балабақшаның құрылысы басталды. Құны 3,7 млрд теңге болатын нысанды 2027 жылғы қыркүйекте аяқтау жоспарланған, деп хабарлайды Politico.kz.
Балабақшаның алғашқы тасын қалау рәсіміне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қатысты. Жоба облыс әкімдігі мен компания арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асып жатыр.
Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 4 800 шаршы метрден асады. Балабақша 3,6 гектар аумаққа орналасады. Оның айналасын абаттандырып, балаларға арналған заманауи инфрақұрылым жасау көзделген.
Ермағанбет Бөлекпаев жаңа балабақшаның өсіп келе жатқан қала үшін маңызды екенін айтып, әлеуметтік мәселелерді шешуге бизнестің қатысуын атап өтті.
«Бүгін біз 280 орындық балабақшаның құрылысын бастау үшін алғашқы тасын қалап отырмыз. Өсіп келе жатқан Балқаш қаласы үшін бұл жай ғана жаңа әлеуметтік нысан емес, қаланың және оның тұрғындарының болашағына салынған маңызды инвестиция. Әсіресе бизнестің әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді атсалысып отырғаны маңызды. Қазақмыс компаниясы өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда», — деді облыс әкімі.
Ол балабақшаның белгіленген мерзімде салынып, алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдайтынына сенім білдірді.
Балабақша құрылысы – Қазақмыстың Балқашта жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобаларының бірі. Компания өндірісті дамытумен қатар, қызметкерлері мен олардың отбасылары тұратын қалалардағы тұрмыс жағдайын жақсартуға көңіл бөліп келеді.
«Балқаш Қазақмыс үшін жай ғана өндірістік алаң емес. Бұл – қызметкерлеріміз тұратын, отбасы құрылып, балалар өсіп келе жатқан ортақ үйіміз. Сондықтан бүгінгі оқиғаның біз үшін маңызы ерекше. Бұл жоба – компанияда және өңірде жүзеге асырыла бастаған ауқымды өзгерістеріміздің алғашқы әрі нақты көріністерінің бірі», — деді Руслан Өскенәлі.
Облыс әкімдігі мен Қазақмыстың ынтымақтастығы аясында Балқаш өңірінде өзге де әлеуметтік нысандар салу жоспарланған. Тораңғалық пен Шұбартүбек ауылдарында медициналық пункттер, Тораңғалықта балалар лагері, сондай-ақ өңірде су спорты түрлеріне арналған база салу көзделіп отыр.
Соңғы жаңалықтар