Байжановтың бостандыққа шығуына не себеп болды? Сот мәлімдеме жасады

22.07.2026 20:39 Қарақат АСЫЛОВА
Байжановтың бостандыққа шығуына не себеп болды? Сот мәлімдеме жасады
191
Фото: Informburo.kz

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Бақытжан Байжановтың амнистия негізінде бостандыққа шыққанын растады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомствоның мәліметінше, оны босату туралы шешім соттың «Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңын қолдану жөніндегі қаулысы негізінде қабылданған. Бостандыққа шыққан кезде оның жаза мерзімінің аяқталуына 3 ай 18 күн қалған.

ҚАЖК хабарлауынша, Байжановқа қатысты пробациялық бақылау белгіленіп, сондай-ақ 6 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау орнатылды.

Сонымен қатар, Ақмола облысының Степногорск қалалық соты №4 ҚАЖК мекемесі басшысының Байжановтың өтелмеген жаза мерзімін қысқарту туралы ұсынысын қарады.

Соттың мәліметінше, Бақытжан Байжанов бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған және жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатқан.

«Рақымшылық туралы» заңның 2-бабы 4-тармағына сәйкес, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған, тәртібі теріс деп танылмаған және жаза мерзімінің аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған адамдардың өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады.

Сот материалдарына сәйкес, Байжановтың тәртібі теріс деп бағаланбаған, ал өтелмеген жаза мерзімі 3 ай 18 күнді құраған. Осыған байланысты сот ұсынысты қанағаттандырып, қалған жаза мерзімін толық қысқарту туралы шешім шығарды.

Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий