Бекболат Тілеухан жауапсыз махаббаты туралы: Қыз қарамаса, зарпыңды өлеңмен шығарасың
Белгілі өнер иесі әрі қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан консерваторияда оқып жүргенде жауапсыз махаббатты бастан кешкенін айтты. Ғашық болған арудың көңіл аудармауы оның намысын қайрап, іштегі шерін өлеңмен шығаруға мәжбүр еткен. Тіпті, сөз өнері мен поэзияның тереңдігін түсініп, поэтикалық әлемге қадам басуына да осы бір сәтсіз сезім негіз болған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Аман Тасығанның TalkLike подкастында айтты.
«Ұят қой, қазір оның күйеуі мен баласы бар... Кітабымда бар. Бірде фольклор кабинетінде Таласбек Әсемқұлов... Ол кезде Политехтің 4-курсын тастап, консерваторияның дайындық курсына жаңадан түскен кезім. Сәида Еламанова есімді ұстазым болды. Ол кісі — менің азамат болып қалыптасуыма зор үлес қосқан, бағыт-бағдар берген адамдардың бірі. Ол кісі орыстілді болатын: «Бекболат, слушай, вот такая песня», – деп бір әнді көрсетті. Түп-төркінін сұрасақ, Сырбай Мәуленовтің мерейтойына орай Торғай театры кеш жасаймыз десе... Сыр-ағаң ақын болғанымен, сөзіне жазылған ән тапшы екен. Содан Торғай театрының актері Асылболат Исмағұлов қолына Сырбай Мәуленовтің кітабын алып, ішінен бір өлеңді таңдайды да, домбырамен микрофонға импровизация жасайды: «... Жыласам жылаймын мен жүрегіммен...» — деп шырқай жөнеледі. Сәида Әбдірақымқызы осы аудиожазбаны қосып, бізге тыңдатты. Алдымен жанымда отырған Таласбек Әсемқұловқа сол әнді тауып берші деймін. Сол әнді бірінші рет тыңдап отырған Таласбек жылайды. Өзге бір адамның тебіреніп жылағанын көргенде, адамға ерекше әсер етеді екен. Ана әнге мен құлаймын. Кейін бұл әнді нотаға түсіріп, «Асылболаттың әні» деп шығардым. Арада уақыт өтіп, Асылболат Исмағұловтың өзімен де кездестім. Консерваторияның жатақханасында жатқан кезім еді. Джинсы киген, заманауи киінген бір кісі келіп: «Сенде жақсы домбыра бар дейді ғой. Мен Торғайдан келіп едім, домбыраңды беріп тұрасың ба?» – деді. «Кім боласыз?» – деп едім, «Асылболатпын» деді. «Исмағұловсыз ба?» – десем, «Иә» дейді. «Ойпырмай, сіз мен үшін аңыз адамсыз ғой! Өстіп айтылатын ғажап әніңіз бар емес пе?!» десем, ол кісі: «Білмеймін, есімде жоқ» деді. Түсінсем, ол кісі сахнада импровизация жасап айта салған екен, ал сол жерде жүрген консерваторияның фольклорлық экспедиция өкілдері оны жазып алған. Негізі ұрласам, мен сол кезде сол кісінің әнін ұрлап алатын едім. Мұны тіпті автордың өзі де білмей қалған екен», — деді Бекболат Тілеухан.
Әншінің сөзінше, ұнатқан аруы оған ілтипат таныта қоймаған. Десе де, осы бір жауапсыз махаббат оның ішкі әлемін төңкеріп, кейіннен қалам тербеп, шынайы жырлардың өмірге келуіне негіз болған.
«Кейін осы әнге өзім де сөз жазып, инияздың қызына арнадым: «Біржола араз болып төзем мен, Сен үшін талай түндер көз ілмеген...» Бұл сияқты өлеңдерім көп болды, тіпті бір дәптерді толтырдым. Ол қыз маған қарағанда, бәлкім тағдырым басқаша болар ма еді. Шыны керек, ол қыздың маған қарамай қоюы, менің оған ғашық болып, көңілін табу үшін түрлі өлең шығаруым — менің шығармашылығымның лирикалық бағытқа бұрылуына себеп болған құбылыс. Асылболаттың, Ерік Асқаровтың әніне сөз жаздым, өзім де өлең шығардым. Ұнатқан қызың саған қарамағанда ұяласың, қарамайды деуге намыстанасың, біреудің өлеңін оқыған болып ішіңдегі зарпыңды өлең арқылы сыртқа шығарасың. (...). Махаббатымның сәтсіздігі менің шығармашылығымның сәттілігіне себеп болды. Осының арқасында поэзияны терең түсіндім, поэзиямен өмір сүрдім. Фариза Оңғарсынова, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Күләш Ахметова сияқты ақындарды сүйіп оқыдым. Әсіресе 1985 жылы шыққан Жұмекеннің «Темірқазық» деген кітабын жастанып жататын едік», — деді Бекболат Тілеухан.
Соңғы жаңалықтар