«Биліктің емес, халықтың сүйіктісі болуға тырыстым»: Бақытжан Базарбек марапат алды

«Биліктің емес, халықтың сүйіктісі болуға тырыстым»: Бақытжан Базарбек марапат алды
Фото: ашық дереккөз

Экс-депутат Бақытжан Базарбек «Халық сүйіктісі» ұлттық премиясында «2026 жылдың ең үздік Парламент депутаты» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, аталған марапатқа ол бұған дейін де ие болған. Атап айтқанда, 2023 жылы қазіргі Ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге үздік депутат атанса, 2024 және 2025 жылдары байқаудың финалына дейін жеткен.

«Халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын мен үшін бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені бұл – халықтың маған берген бағасы, еңбегіме көрсеткен құрметі. Мұның бәрі – мені сыйлап, құрметтейтін, ақ пен қараны ажырата білетін халқымның арқасы», – деп атап өтті экс-депутат.

Сонымен қатар Базарбек депутаттық қызметте басты мәселе марапатта емес, елдің әл-ауқатын жақсарту мен әділеттілікке қосқан үлесінде екенін жеткізді:

«Біз үшін марапаттың өзі маңызды емес. Ең бастысы – Парламентте атқарған еңбегіміз, халық үшін жасаған игі істеріміз елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға қаншалықты ықпал етті? Маңыздысы – осы! Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімнен орын алды», - деп жазды Базарбек.

Ол 2026 жылы атқарылған жұмыстардың есебін жақын арада бөлек тарқатып беретінін айта келе, жоспарлаған кейбір бастамаларын аяқтап үлгермегеніне өкініш білдірді.

«Өкінішке қарай, елімізде заңдылық пен әділеттілікті қалыптастыру жолында атқаруды жоспарлаған жұмыстарымның барлығын аяқтап үлгермедім. Ол үшін, халқым, ұлдарыңызды сөкпеңіздер!» – деді Бақытжан Базарбек.

Сондай-ақ алдағы уақытта Құрылтайдың жаңа депутаттарымен бірге заңнаманы жетілдіруге, ел мүддесін қорғауға өз білімі мен тәжірибесін бағыттауға дайын екенін мәлімдеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу