Ақтөбеде Неке сарайында өлтірілген әйелдің балалары қайда екені белгілі болды

Ақтөбеде Неке сарайында өлтірілген әйелдің балалары қайда екені белгілі болды
Фото: magnific.com

Ақтөбедегі Неке сарайында қаза тапқан 26 жастағы әйелдің екі баласы мемлекет қамқорлығына алынды. Қос бүлдіршін қаладағы «Үміт» балалар үйіне орналастырылған, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, марқұм 4 баланың анасы болған. Оның екі баласы қазір кісі өлтірді деген күдікпен тергеліп жатқан ер адамнан туған. 

Ақтөбе облыстық балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаевтың айтуынша, балалардың жағдайы құзырлы органдардың бақылауында. Олардың алдағы уақытта кімнің қамқорлығына берілетіні әзірге белгісіз.

«Отбасылық жағдайларға байланысты кәмелетке толмаған екі бала «Үміт» балалар үйіне орналастырылды. Бұл мәселе балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен құқық қорғау органдарының бақылауында. Балаларға қатысты шешім олардың заңды мүддесін ескере отырып қабылданады», – деді Амангелді Қонақбаев.

Еске салайық, 3 қарашада Ақтөбедегі Неке сарайында 26 жастағы әйелге пышақпен шабуыл жасалып, ол қаза тапқан. Полицияның алдын ала мәліметінше, күдікті – марқұмның бұрын бірге тұрған ер азаматы.

Алдын ала мәлімет бойынша, сол күні Неке сарайында екеуінің арасында ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал шыққан.

Оқиға кезінде әйелдің екі баласы да жанында болған. АХАТ қызметкерлерінің айтуынша, олар балалардың жылаған дауысын ғана естіген.

Қазір балалардың әкесі кісі өлтірді деген күдікпен тергеу изоляторында отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу