Петропавлдағы №2 емхана қызметкері мен күйеуі жол апатынан көз жұмды

Петропавлдағы №2 емхана қызметкері мен күйеуі жол апатынан көз жұмды
Фото: №2 қалалық емхана

Елордаға қыздарына қонаққа барып, үйлеріне қайтып келе жатқан ерлі-зайыпты жол апатынан қаза тапты. Марқұмдардың бірі Петропавлдағы №2 қалалық емхананың қызметкері Айгүл Жуандықова екені белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қаралы хабарды емхана ұжымы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Әріптесіміз, химияландырушы Жуандыкова Айгүл Амангелдіқызының жұбайымен бірге қайғылы жағдайда қаза болғаны туралы хабарды терең қайғыра отырып жеткіземіз.

Айгүл Амангелдіқызының өмірден өтуі №2 қалалық емхананың бүкіл ұжымы үшін орны толмас қаза.

Біз оны мейірімді, жанашыр адам және әріптес ретінде, бірге атқарған еңбегіміз бен жүрегімізде сақталған жылы естеліктер арқылы әрдайым есте сақтаймыз.

Осы ауыр қайғыға байланысты марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына, оларды таныған және жақсы көрген барша жанға шын жүректен көңіл айтамыз.

Қайғыларыңызға ортақтасып, сіздермен бірге аза тұтамыз.

Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын», – делінген хабарда.

Еске салайық, қайғылы оқиға 1 қараша күні кешке Астана – Петропавл тасжолында болған. Бірнеше көлік соқтығысқан апаттан үш адам көз жұмды.

Алдын ала мәлімет бойынша, алдымен Toyota Camry көлігі жол қоршауына соғылған. Оның тізгінінде қыз бала болған. Кейін бұл көлікке тағы бір қыз жүргізіп келе жатқан Kia Rio соғылған. Артынша Chevrolet Cobalt көлігімен де соқтығыс болған.

Апат салдарынан Toyota Camry жүргізушісі мен әйел жолаушы жолдың үстінде қалып қойған. Сол кезде оларды Geely көлігі қағып кеткен. Екі әйел оқиға орнында қаза тапты.

Тағы 5 адам Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілген. Кейін сол жерде басынан ауыр жарақат алған ер адам көз жұмды.

Қазір полиция жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.

Айта кетейік, кеше, Астана – Петропавл тасжолында полиция капитаны қаза тапқан.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу