"Бірнеше рет көзіме шөп салды": Жұмабек Жанықұлдың бұрынғы әйелі бар шындықты жайып салды
Танымал тележүргізуші әрі медиамаман Динара Сәтжанның қазіргі жолдасы, белгілі кәсіпкер Жұмабек Жанықұлдың бұрынғы әйелі Жанна Жанықұлова әлеуметтік желіде шулы мәлімдеме жасап, жеке өмірінің құпияларын жайып салды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұрынғы жарының айтуынша, ол кәсіпкермен заңды некеде 20 жыл отасып, бес баланы дүниеге әкелген. Осы уақыт ішіндегі отбасындағы некенің бұзылуына жолдасының опасыздығы мен өмірінде басқа әйелдердің, атап айтқанда тоқалдарының болуы басты себеп болған. Сондай-ақ, ол соңғы жылдары Жұмабек Жанықұлдың өмірінде тележүргізуші Динара Сәтжан пайда болғаннан кейін дүние-мүлікке талас басталып, ерлі-зайыптылардың ресми түрде ажырасқанын ашық айтты.
«Мен Жанықұлова Жанна Маратқызымын, бес баланың анасымын. Балаларымның барлығы Жұмабек Жанықұлмен заңды некеде тұрған кезде дүниеге келді. Біз 20 жыл бірге өмір сүрдік. Алайда ажырасуымызға оның бірнеше рет көзге шөп салуы мен тоқалдарының болуы себеп болды. Қазір осы мәселеге байланысты сот процесі жүріп жатыр. Некеде тұрған жылдары неке келісімшарты да, мүлікті бөлуге қатысты әңгіме де болған емес. Бұл мәселелердің барлығы оның өмірінде жаңа әйел (Динара Сәтжан) пайда болғаннан кейін ғана көтерілді», – деп мәлімдеді Жанна Жанықұлова өзінің бейнеүндеуінде.
Бизнесменнің бұрынғы жары қазіргі уақытта жүріп жатқан мүлікті бөлу туралы сот процесінің әділ өтіп жатқанына үлкен күмән келтіретінін жеткізді. Осыған байланысты ол құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдерінен, желі қолданушыларынан қолдау мен көмек сұрап отыр. Қазіргі таңда бұл даулы мәлімдеме әлеуметтік желіде үлкен талқылау тудырды.
Соңғы жаңалықтар