«Болашақ» бағдарламасында заңбұзушылық: талапқа сай емес үміткерлерге 7,7 млрд теңге бөлінген
Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы аясында іріктеу талаптарына сәйкес келмейтін үміткерлерге миллиардтаған қаражат бөлінген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Тілеген Каскин мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда елімізде жоғары білім беру саласына жұмсалатын қаржы 246 миллиард теңгеден 472 миллиард теңгеге дейін артқан. Алайда қаржыландыру көлемі өскенімен, білім беру жүйесінің сапасы мен тиімділігі сол деңгейде дамымаған.
«Мемлекеттік аудит нәтижесі көрсеткендей, қаржыландыру екі есе артқанына қарамастан, жүйе сапа, ашықтық және тиімділік тұрғысынан тиісті нәтижеге жете алмай отыр», – деді Тілеген Каскин.
Аудит барысында «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруда да бірқатар заңбұзушылық анықталған.
«Министрліктің шешімімен іріктеу талаптарына сәйкес келмейтін 340 үміткерге 7,7 миллиард теңге көлемінде шәкіртақы жеке тәртіппен тағайындалған. Сонымен қатар 151 стипендия белгіленген лимиттен тыс берілген», – деді палата мүшесі.
Сондай-ақ жасанды интеллект бағыты бойынша жоспарланған 54 гранттың тек 5-еуі ғана беріліп, қалған 49-ы басқа бағыттарға ауыстырылғаны белгілі болды.
Бұл мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Дархан Ахмет-Заки де пікір білдірді. Оның сөзінше, халықаралық олимпиада жеңімпаздарына қатысты нақты тізім әлі бекітілмеген.
«Негізгі талап – үміткердің дипломы болуы керек. Құжат тапсырғаннан кейін олар тәуелсіз комиссиядан өтеді, соңғы шешімді республикалық комиссия қабылдайды», – деді ол.
Сарапшылар мұндай жағдайлар білім беру саласындағы ашықтық пен бақылауды күшейту қажеттігін көрсететінін атап өтуде.
Соңғы жаңалықтар