Дәния Еспаева: «Бұл – жай ғана сайлау емес, жаңа саяси жүйенің бастауы»

07.07.2026 13:00 Мөлдір ҚАЙНАР
Дәния Еспаева: «Бұл – жай ғана сайлау емес, жаңа саяси жүйенің бастауы»
53
Фото: ЖИ арқылы жасалды

23 тамызда өтетін жаңа Құрылтай депутаттарының сайлауы – елдің саяси өміріндегі маңызды науқан. Осыған орай алдағы сайлаудың маңызы, одан күтілетін нәтижелер және жаңа Құрылтайдың алдында тұрған міндеттер туралы Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дәния Еспаевамен тілдескен едік.

– 23 тамызда өтетін сайлаудың Қазақстанның саяси жүйесі үшін маңызы қандай деп есептейсіз? Бұл сайлаудан қоғам қандай нәтиже күтуі керек?

– 23 тамыздағы сайлаудың саяси маңызы ерекше. Өйткені біз жаңа Конституция қабылданғаннан кейін алғаш рет жаңа Құрылтайды сайлаймыз. Еліміздің саяси жүйесі өзгерді. Енді бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай жұмыс істейді.

Сондықтан бұл – жай ғана кезекті сайлау емес. Халық жаңа саяси жүйеде өз өкілдерін таңдайды. Ал Құрылтайға келетін депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Қоғам бұл сайлаудан ең алдымен ашықтық пен әділдік күтеді. Халық өз дауысының маңызды рөл атқаратынына сенуі керек.

Меніңше, Құрылтайға халықтың сеніміне ие, елдегі нақты мәселелерді білетін және оларды шешуге дайын депутаттар келсе, ең басты нәтиже сол болады. Өйткені сайлаушының әрбір дауысы – үлкен аманат.
 
– Соңғы уақытта азаматтардың сайлауға деген қызығушылығы мен сенімі туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Сіздің ойыңызша, халықтың белсенділігін арттыру үшін қандай қадамдар қажет?

– Меніңше, бұл жерде мәселені ашық айту керек. Қоғамда сайлауға деген сенімге қатысты сұрақтар бар. «Менің дауысымнан не өзгереді?» деп ойлайтын азаматтар да аз емес. Мұндай пікірді елемеуге болмайды. Керісінше, халықтың сенімін нақты іспен арттыруымыз керек. Азамат өз дауысының маңызды екенін, таңдауының нәтижеге әсер ететінін көрсе, сайлауға деген көзқарасы да өзгереді. Бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек. Біз жаңа Құрылтайды алғаш рет сайлағалы отырмыз. Сондықтан азаматтардың белсенділігі өте маңызды. Әрине, сайлау ашық әрі заң аясында өтуі тиіс. Сайлау туралы ақпарат та халыққа түсінікті тілде жеткізілуі керек. Әсіресе жастармен көбірек жұмыс істеу қажет.

Менің ұстанымым – халықты сайлауға жай ғана шақыру жеткіліксіз. Халық сайлауға сенуі керек. Ал сенімнің негізі – әділдік.

– Парламент депутаты ретінде сайлаудан кейін жаңа сайланатын депутаттар ең алдымен қандай мәселелерге басымдық беруі керек деп санайсыз?

– Жаңа Құрылтайдың депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені олар жаңа саяси жүйеде жұмыс істейтін алғашқы депутаттар болады. Ең басты міндет – халықтың сенімін ақтау. Меніңше, депутат кабинетте отырып қалмауы керек. Ол халықпен үнемі кездесіп, өңірлердегі нақты мәселелерді білуі және олардың шешілуіне ықпал етуі тиіс.

Бүгінде адамдарды тұрақты жұмыс, лайықты табыс, кәсіп ашу мүмкіндігі, сапалы білім мен медициналық қызметтің қолжетімділігі толғандырады. Құрылтай депутаттарының заң шығару қызметі халықтың күнделікті өміріндегі осы мәселелерді шешуге бағытталуы керек. Жаңа Құрылтайдың мүмкіндігі де, жауапкершілігі де жоғары. Сондықтан халық бізден сөз емес, нақты нәтиже күтеді.
 
– Сіздің ойыңызша, осы сайлаудан кейін қоғам қандай нақты оң өзгерісті сезінуі керек?

– Ең алдымен халық өз таңдауының нәтижесін нақты істерден көруі керек. Сайланған депутаттар сайлау кезінде көтерілген мәселелерді ұмытып кетпей, олардың шешілуіне нақты ықпал етуі тиіс. Сайлау дауыс беру күнімен аяқталмайды. Керісінше, депутаттың негізгі жұмысы сайлаудан кейін басталады. Сондықтан қоғам өзгерісті күнделікті өмірінен сезінуі керек. Бұл – шешілген мәселе, ашылған жұмыс орны, қолдау тапқан кәсіпкер немесе халықтың ұсынысы негізінде қабылданған шешім болуы мүмкін. Сайлаудың нақты нәтижесі де осындай істермен өлшенеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий