«Дәлізде домбырамен ән салдым»: Гүлнұр Оразымбетова оқуға қалай түскенін еске алды

22.09.2026 17:06 Мөлдір ҚАЙНАР
«Дәлізде домбырамен ән салдым»: Гүлнұр Оразымбетова оқуға қалай түскенін еске алды
117
Фото: instagram.com/gulnurorazymbetova

Танымал әнші Гүлнұр Оразымбетова әлеуметтік желідегі парақшасында жастық шағы мен үлкен өнерге жасаған алғашқы қадамдарын еске алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесі 9-сыныпты тәмамдаған соң үлкен арманмен ауылдан жалғыз аттанғанын жазды. Алғашында сынақтан сүрініп, оқуға түсу үшін бар болғаны бір балл жетпей қалған кезде ол берілмеуге бекінген.

«Мен алғаш рет 9-сыныптан кейін оқуға түсемін деп үйден кеттім. Жалғыз өзім, алдымда не күтіп тұрғаны беймәлім. Бар сенгенім — білімім мен өнерім еді. Төсектің астындағы дәу қара чемоданға киімдерімді салып жолға шықтым. Құжат тапсырғаныммен, 1 балл жетпей қалды. Бірақ ауылға қайтқым келмеді. Тәуекел етіп, колледж директоры Әлима апайды дәлізде күтіп алып, келе жатқанда барымды салып домбырамен ән айттым», – дейді әнші.

Талапты қыздың өнеріне тәнті болған басшы оны кабинетіне шақырып, оқуға қабылдау туралы шешім шығарған. Осылайша бір сәттік батылдық оның тағдырын күрт өзгертті.

«Оқуға қабылдандым, колледждің үздік те өнерлі студенті атандым. Барлық есіктер ашылып, осы өнерімнің арқасында елге танылдым. Мұның бәріне бір ғана жанашыр жанның қолдауы себепкер болды», – деп жазды Гүлнұр Оразымбетова.

Войдите, чтобы оставить комментарий