Данияр Мейірханға қатысты тағы бір қылмыстық іс тоқтатылды

12.06.2026 13:22 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Данияр Мейірханға қатысты тағы бір қылмыстық іс тоқтатылды
275
Фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігіне қарасты Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы басшысы Данияр Мейірханға қатысты ұялы телефон сатып алу эпизоды бойынша қылмыстық қудалау толық тоқтатылды. Бұл туралы оның адвокат Әлия Жаманбаева мәлімдеді, – деп хабарлайды Politico.kz.

Қорғаушының сөзіне қарағанда бұрынғы қызметкері басшысына бөліп төлеу арқылы телефон сатып алғанын мәлімдегенімен бұл зат шын мәнінде Мейірханның өз қаражатына алынғаны анықталып отыр.

"Менің қорғалушым үшін телефонға қатысты мәселеге нүкте қойылды. Тергеу органы Данияр Мейірханға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты", – деп жазды адвокат Әлия Жаманбаева өзінің фейсбуктегі парақшасында.

Оқиға 2024 жылы болған екен. Ол уақытта Данияр Мейірхан өзінің қол астындағы қызметкеріне еліміздегі синтетика өндірісін түбегейлі жою мақсатында ІТ мамандармен бірге СПУТНИК жүйесі арқылы барлық зертханалардың химиялық қалдықтарын қадағалауды жүктеген.

"Алайда, әлдекімдер жоспардың жүзеге асқанын қатты қаламады, ал одан кейінгі оқиғалардың қалай өрбігенін бүкіл ел көрді. Тергеу органының қабылдаған шешімі арызда көрсетілген, сондай-ақ БАҚ пен блогерлердің парақшаларында таратылған шағымдардың негізсіз екенін растағанына өте қуаныштымын. Әрине, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерінің мүдделі баспасөзге бірнеше рет қалай қолжетімді болғаны бізді таңғалдырады. Олар полиция полковнигінің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз қоғамдық пікір қалыптастырып, түрлі пікірлер жазуға итермеледі. Тергеу органы ІІМ қызметкерлері мен блогерлердің мұндай әрекеттеріне де құқықтық баға береді деп үміттенемін", — деді қорғаушы.

Сонымен қатар ол ақпаратты бұрмалап таратқан адамдармен сотта кездесуге тура келетінін ескертті.

Еске сала кетейік бұған дейін қорғаушы Данияр Мейірханға қатысты жыныстық бопсалау бойынша қозғалған тағы бір қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеген болатын.

Оқиғаның мән-жайына тоқталсақ бұған дейін желіде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасына қатысты қол астындағы 20 қызметкерден ұжымдық арыз түсіп қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді. Осы жағдайға байланысты министрлік ішкі тексеру бастап полиция полковнигі қызметтік тергеу кезінде жұмысынан уақытша шеттетілген болатын.

Бұл ретте полиция полковнигінің қызметтік жолына үңілсек ол 2012 жылдан 2022 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінде бөлім бастығынан бастап басқарма бастығына дейінгі түрлі басшылық лауазымдарда жұмыс істеп кейін 2023 жылдан 2024 жылға дейін Қостанай академиясы бастығының орынбасары қызметін атқарған. Ведомстволық мансабында өсу байқалып 2024 жылдың қыркүйегінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары сол жылдың желтоқсанында төраға міндетін атқарушы болып тағайындалса 2025 жылдың қыркүйегінде аталмыш комитеттің төрағасы лауазымына кіріскен еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий