«Дәрігерлер көз тиген деп қайтарған»: Алматы облысында екі жасар бүлдіршін көз жұмды
Әлеуметтік желіде Шонжыдағы Ұйғыр аудандық ауруханасы дәрігерлерінің салғырттығынан 2.5 жасар Медина есімді кішкентай қыз баланың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Жақындарының айтуынша, оқиға айдың 6-сы күні басталған. Баланың жағдайы нашарлаған соң ата-анасы оны Ұйғыр аудандық ауруханасына тексеруге алып барған, алайда ондағы медицина қызметкерлері тиісті көмек көрсетпеген.
«Баланы дұрыстап қарамаған, сол мекеменің дәрігері «көз тиген, бәрі жақсы, емшіге барыңдар Шонжыға» деп қайтарып жіберген, міндетті медициналық көмек көрсетілмеген. Түнде де барған ауруханаға, «дәрігер жоқ, таңғы 9-да келеді» деп қайтарып жіберген. Сол ауыл-аймақ адамдары түнде ауырмау керек пе? Не деген салғырттық? Білімі жетпесе, медицинадан хабары болмаса бірден айту керек қой «білмейміз, қалаға апарыңыздар» деп, адам өмірі ойыншық емес қой», – деп күйінді жазба авторы.
Айдың 7-сі күні кешке баланың жағдайы қатты асқынып кеткен соң, ата-анасы жолға шығып, Алматыдағы облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткен. Бүлдіршін сол жерде бірден реанимация бөлімшесіне түскенімен, дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады.
«Сол жердегі дәрігерлер пневмония, өкпе ісінуі деп айтты. Кішкентайымыздан айырылып қалдық, жүрек қақ айырылып тұр. Небәрі 2.5 жасар бала. Туған-туыс, әке-шешесі қан жұтып отырмыз», – деді қаралы отбасы өкілдері.
Баланың жақындары бұл қайғылы жағдайды құзырлы органдар жіті тексеріп, тиісті назарға алуын талап етуде.
Соңғы жаңалықтар