Досаев пен Сағынтаевтың тұсында Алматыдағы құрылыс лицензиялары 5 млннан сатылып келген
Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыда 400–ден астам компанияға құрылыс лицензиясын заңсыз алып берген тұлғалар тобының әрекетін әшкерелегенін хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген тергеу мәліметіне сәйкес, 2021 жылдан бері қылмыстық схемаға қатысушылар Алматы қаласы «Қалалық қала құрылысы бақылау басқармасы» КММ қызметкерлерімен өзара сөз байласқан.
Олар өздеріне қарасты компаниялар арқылы арнайы техника мен білікті инженерлік мамандар бар деген жалған құжаттар жасап, оны «Е–лицензиялау» жүйесіне енгізіп отырған.
Осындай заңсыз әрекеттің арқасында 400–ден астам мекеме сәулет және құрылыс саласында бірінші санаттағы лицензияны кедергісіз алған. Ұйымдастырушылар әрбір жалған қызметі үшін 2 млн-нан 5 млн теңгеге дейін сыйақы алып тұрған.
Қазіргі уақытта тінту жұмыстары жүргізіліп, іске қатысты құжаттар мен заттай айғақтар тәркіленді және тергеу жалғасып жатыр.
Осы оқиғаға қатысты «ПИСЬМА ПРЕЗИДЕНТУ» телеграм арнасы бұл заңсыздықтар басталған 2021 жылдан бері Алматы қаласын Бақытжан Сағынтаев пен Ерболат Досаев басқарғанын жазды.
Шынымен Сағынтаев шаһарды 2019 жылдың маусым айынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарса, одан кейін әкім тағына Ерболат Досаев отырып, 2025 жылдың мамырына дейін қызмет еткен.
Досаев Алматы әкімі қызметінен кеткен соң, 2025 жылдың 19 қыркүйегінде Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болып тағайындалған еді. Алайда ол бұл лауазымда 6 айға да жетпейтін уақыт жұмыс істеп, жуырда Мемлекет басшысының жарлығымен қызметінен босатылды.
Әзірге шенеуніктің жаңа қызметі туралы ешқандай ресми ақпарат жоқ. Ол тек «Самұрық–Қазына» және «Бәйтерек» ұлттық холдингтерінің директорлар кеңесінің мүшесі саналады.
Әйелі жылына 2 млрд теңге табыс табатын экс–әкімнің жоғары лауазымда неліктен ұзақ отырмағаны әзірге белгісіз болып отыр.
Соңғы жаңалықтар