«Дубайға барамыз, сол жерде қаласыңдар»: Астанада такси жүргізушісінің сөзі бойжеткенді шошытты

09.08.2026 17:28 Қарақат АСЫЛОВА
«Дубайға барамыз, сол жерде қаласыңдар»: Астанада такси жүргізушісінің сөзі бойжеткенді шошытты
271

Астанада такси жүргізушісі жолаушыға қатысты орынсыз әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға туралы жолаушының құрбысы әлеуметтік желіде жазып, оқиға көпшіліктің назарын аударған.

Жарияланған мәліметке сәйкес, қыз Mega Silk Way сауда орталығынан такси шақырған. Жол барысында жүргізуші жолаушыға олардың үйіне емес, әуежайға бара жатқанын айтқан. Жолаушы мұның себебін сұрағанда, жүргізуші:

«Дубайға барамыз, сол жерде қаласыңдар», деген.

Бұл сөздерден қорыққан қыз көліктен жол үстінде шығып кеткен. Кейін такси қызметінің қолдау орталығына хабарласқан.

Такси сервисі жүргізушінің мұндай әрекетіне жол берілмейтінін айтып, оған қатысты шара қолданылатынын мәлімдеген. Сондай-ақ сапар ақысы жойылып, жолаушыға полицияға жүгінуге кеңес берілген.

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші қоғамдық орындарда тиісу, яғни орынсыз әрі мазасыз түрде жүгіну фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сонымен қатар жүргізушімен құқық бұзушылықтар мен қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Войдите, чтобы оставить комментарий