Әлемде мұндай өзгеріс жоқ: Тоқаев мәлімдеме жасады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы мемлекеттік билік жүйесінде ауқымды өзгерістер болғанын айтты. Мемлекет басшысы бұл туралы Республика күніне арналған салтанатты жиында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
«Ел Конституциясы түбегейлі өзгерістердің жаңа кезеңіне жол ашты. Соның нәтижесінде мемлекеттік билік жүйесі толығымен жаңғырды. Бір палаталы Құрылтай пайда болды. Осылайша, біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент, яғни Құрылтай – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын нақты іске асырдық», деді Тоқаев.
Президент билік жүйесінде тағы қандай өзгерістер болғанын айтты.
«Вице-Президент институты құрылды. Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымына қажетті өзгерістер енгізілді. Еліміздің жоғары консультативтік мекемесі – Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады», деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстанның еріктілер қозғалысына конституциялық мәртебе берген санаулы елдердің бірі болғанына да тоқталды.
«Еліміз дүние жүзінде еріктілер, яғни волонтерлер қозғалысына конституциялық мәртебе берген санаулы мемлекеттің бірі атанды. Баршаңызға белгілі, қазіргі дүние жүзінде, осындай күрделі, тұрақсыз, болжамсыз, бұлыңғыр заманда билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс мүлде жоқ. Бұл – мемлекетіміз үшін алға қарай үлкен саяси қадам», деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев осы жиында мемлекеттік қызметшілерге ескерту жасаған болатын.
Соңғы жаңалықтар