"Ештеңе оңай келмеген": Роза Әлқожа жан сырын ақтарды

07.07.2026 14:50 Мөлдір ҚАЙНАР
534
Фото: әлеуметтік желі

Танымал әнші Роза Әлқожа өнер жолындағы қиындықтары мен шығармашылық белестерінің қалай басталғаны туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Әншінің сөзіне қарағанда, 16 жасында Алматыға келіп, студенттік ортада таныла бастаған шағында ата-анасы өнер жолына түсуіне түбегейлі қарсы болған.

«Мен өнерге оңай келген жоқпын. Өйткені ата-анам қарсы болды, басқа салаға баруымды сұрады. 18 жасымда өмірлік жарым кездесті, 20 жасымда ұлымның анасы атандым. Алланың жоспары бәрінен мықты ғой. Әнімді жалғайтын, жаныммен сырласа алатын осы ұл туылуы керек болған шығар деп ойлаймын қазір», – деп жазды ол.

Өнер иесі 1999 жылы авторлық ән номинациясында жеңіске жеткенін, ал 2002 жылы төрт айлық сәбиімен байқауға қатысып, әділетсіздікке тап болған сәтін еске алды. Сол сәттегі таксистің бір ауыз сөзі оның өмірлік ұстанымына айналған.

«Сол күні әділетсіздіктерге мұңайғанымды көріп, мені апарған таксист: «Оңай келген оңай кетеді» деген болатын. Сол сөз өмір бойы мені қайраумен болды. Бәлкім өмірдің түрлі сәттерінде кері қайтып кетер ме едім, осы сөз ұстап тұрды. Ештеңе оңай келмеген соң қадірін білетін шығармын. Сол үшін де әлі күнге дейін өнер деп еңбектене беретін шығармын», – деді әнші.

Бүгінде ұлымен бірге үлкен сахнада қатар өнер көрсету мүмкіндігі туғанын жеткізген ол оқырмандарынан қолдау күтетінін айтты.

«Енді «ұлым менің, мұрагерім» деп додаға жүйрігіммен қатар шабуға Алла нәсіп етуде. Бақ тілеп келіңіздер, ағайын! Сіздің де құдайдан күткен қуанышыңыз еселенсін!» – деп түйіндеді Роза Әлқожа.

Войдите, чтобы оставить комментарий