Халық кеңесі мүшелері қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қаржылай қолдау көрсетпек

24.09.2026 • 22:47 Қарақат АСЫЛОВА
Халық кеңесі мүшелері қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына қаржылай қолдау көрсетпек
424
Ашық дереккөз

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Шахмұрат Мүтәліп пен Гаджи Гаджиев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан қызметшілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсететіндерін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Кәсіпкер, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп «Integra Construction KZ» компаниясы арқылы қаза болған әр әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден берілетінін айтты. Оның сөзінше, бұл көмек мемлекеттік қолдаудан бөлек және отбасыларға тікелей көрсетіледі.

Ал Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев қаза тапқандардың отбасыларына 100 млн теңге көлемінде материалдық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Екі қоғам қайраткері де қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, бұл қиын кезеңде отбасыларды қолдаудың маңызды екенін атап өтті.

Айта кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 17 әскери қызметші суға кеткен. Үкіметтік комиссияның нақтыланған мәліметіне сәйкес, 12 адам қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Тағы екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий