Илья Варламов Қазақстанды неге зорлық-зомбылық эпицентрі деп атағанын түсіндірді
Ресейлік блогер, журналист Илья Варламов Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы түсірген деректі фильміне қатысты айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Блогер өз туындысында Қазақстанды Орталық Азиядағы зорлық-зомбылықтың эпицентрі деп атаған болатын. Осыдан кейін желі қолданушыларының бірқатары авторға өзекті мәселені көтергені үшін алғыс айтса, енді бірі оны елдің беделіне нұқсан келтірді деп айыптады.
"Желіде біреулер маған алғыс айтса, басқалары елді қаралады деп санайды. Фильм кейіпкерлерінің бірі Қазақстан тек зорлық-зомбылықтың ғана емес, қылмысты жүйелі түрде жасырудың эпицентрі екенін дөп басып айтты. Мәселен Антонида Сурова полицияға 8 рет шағымданған. Күйеуін аз уақытқа қамағанымен қылмыстық іс қозғалмаған, ақыры ол әйелді өлтіріп тынады. Тағы бір агрессорға 4 қорғау ұйғарымы берілген, бірақ отбасынан оқшауламағандықтан ол әйелді қызының үйлену тойында өлтіреді. Ал Анар қызына зорлық көрсеткен адамды соттатқанда туыстары істі тоқтату үшін 12 млн теңге ұсынған. Бас тартқанда оны отбасының масқарасы деп сөккен. Жұрт елдің беделі туралы дауласып жатқанда әйелдер нәтижесіз шағымдар мен отбасы қысымы туралы айтып жатыр. Менің фильмім нақ осы туралы", – деп жазды Илья Варламов.
Соңғы жаңалықтар