"Кішісі сегіз айлық еді": үш баласын өлтірген әйелдің соты жүріп жатыр
АҚШ-тың Массачусетс штатында үш баласын тұншықтырып өлтірді деп айыпталған Линдси Клэнсидің ісі бойынша сот отырысы жалғасуда, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 2023 жылдың 24 қаңтарында болған. Линдси күйеуі Патрик сыртқа шығып кеткен сәтте үш баласын жертөледе тұншықтырып, артынша өз білегі мен мойнын тіліп, екінші қабаттың терезесінен секіріп кеткен. Салдарынан ол белінен төмен қарай сал болып қалды.
Соттағы басты талас — әйелдің қылмыс жасаған сәттегі психикалық жағдайы. Қорғау тарапы оның босанудан кейінгі ауыр психоз бен қате тағайындалған дәрілердің кесірінен не істеп жатқанын түсінбегенін алға тартуда. Ол 4 ай ішінде 13 түрлі препарат қабылдаған. Линдсидің өзі бейтаныс дауыстар бұйрық бергенін айтқан.
Ал прокурорлар әйелдің қылмысты саналы түрде және алдын ала жоспарлағанына сенімді. Оған дәлел ретінде оның сол күні күйеуінің қайту уақытын онлайн картадан бақылағаны және бұған дейін өзінде социопатия белгілерін іздегені келтірілді.
Марқұм балалардың әкесі Патрик Клэнси жұбайына сенім білдіріп: "Мен құбыжыққа емес, ауру әйелге үйленгенмін" деп мәлімдеді. Ал Линдсидің енесі Сью Клэнси оған жаны ашитынын, бірақ ол істеген әрекеті үшін жауап беруі керектігін айтты.
Алдағы күндері алқабилер шешім шығарады. Егер Линдси кінәлі деп танылса, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі, ал есі дұрыс емес деп танылған жағдайда ол психиатриялық клиникаға жіберіледі.
Соңғы жаңалықтар