Көкшетауда жалғызбасты ананы басып өлтірген жүргізуші әйел мен күйеуі қанша жылға сотталуы мүмкін

13.05.2026 17:25 Әсел Мұрат
Көкшетауда жалғызбасты ананы басып өлтірген жүргізуші әйел мен күйеуі қанша жылға сотталуы мүмкін
295
Фото: видеодан скрин

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Көкшетауда тұрғын үй аулаларының бірінде болған қайғылы жағдай туралы пікір білдірді , деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, жаяу жүргіншіні көлікпен қағып, өліміне себеп болған әйелдің күйеуі, яғни көлік иесі бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Көлікті заңсыз басқаруға берген күдіктінің жұбайының үстінен қылмыстық кодекстің 349-бабы бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Аталған бап бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Соңғы шешімді сот қабылдайды», – деді ол.

Әділовтің сөзінше, көлікті тізгіндеген әйелге Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Егер іс осы баптың 3-бөлігі бойынша, яғни абайсызда адам өлтіру деп сараланса, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

11 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті әйелге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Бұл қылмыстық істің тергелу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде қаланың шағын аудандарының біріндегі аулада адам өлімімен аяқталған жол апатының видеосы тараған еді. Қайғылы жағдай 2026 жылдың 9 мамырында болған. Видеодан көліктің тұраққа кіре берісте алдымен жолдың жиегіне соғылғанын, содан кейін жаяу жүргіншіні қағып, үстінен басып өткенін көруге болады.

Кейін белгілі болғандай, рөлде отырған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған әрі ол ешқашан автомектепте оқымаған.

Марқұм әйелдің артында кәмелетке толмаған баласы қалды. 
 

 

Войдите, чтобы оставить комментарий