Көкшетауда жалғызбасты ананы қағып өлтірген жүргізуші әйел туралы тың дерек шықты
Көкшетауда әйелдің қазасына әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақмола облысы полициясының мәліметінше, жалғызбасты ананы көлікпен қағып, өліміне себеп болған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған әрі көлік жүргізу бойынша оқудан өтпеген.
«Көкшетауда 52 жастағы әйелдің қаза болуына әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Көлікті басқарған әйелге қатысты адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны және тиісті оқудан өтпегені анықталды. Ал көлік иесі – оның жұбайына көлік жүргізу құқығы жоқ адамды рөлге отырғызғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған», – деп мәлімдеді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
11 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті әйелге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Бұл қылмыстық істің тергелу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде қаланың шағын аудандарының біріндегі аулада адам өлімімен аяқталған жол апатының видеосы тараған еді. Қайғылы жағдай 2026 жылдың 9 мамырында болған. Видеодан көліктің тұраққа кіре берісте алдымен жолдың жиегіне соғылғанын, содан кейін жаяу жүргіншіні қағып, үстінен басып өткенін көруге болады.
Соңғы жаңалықтар