Көмір шахтасының жарылысынан кемінде 90 адам қаза тапты
Қытайдың солтүстігіндегі көмір шахтасында болған газ жарылысы салдарынан кемінде 90 адам қаза тапты, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы жергілікті БАҚ пен халықаралық агенттіктер хабарлады.
Алғашында “Синьхуа” агенттігі 82 адамның көз жұмғанын және тоғыз адамның хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеген. Кейін Reuters агенттігі қаза тапқандар саны кемінде 90-ға жеткенін растады.
Қайғылы оқиға Шаньси провинциясындағы Циньюань уезінде орналасқан Люшэньюй көмір шахтасында болған. Оқиға орнына 755 адам, оның ішінде құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жұмылдырылған. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Жарылыстан кейін 123 адам ауруханаға жеткізілген. Олардың екеуінің жағдайы өте ауыр, тағы екеуі ауыр халде жатыр. Ал 33 адам емделіп шыққаннан кейін үйлеріне жіберілген.
Билік шахтаға қатысы бар компанияның жауапты тұлғасын бақылауға алғанын хабарлады.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жоғалғандарды іздеу, зардап шеккендерге көмек көрсету және апаттың себептерін анықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Си Цзиньпин бұл оқиғадан сабақ алып, өндірістегі қауіпсіздік талаптарын күшейту қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қытайда су тасқыны маусымы басталуына байланысты төтенше жағдайларға дайындықты арттыруды тапсырды.
Соңғы жаңалықтар