17 жастағы студентті өлтірген оқушы 8 жылға сотталды
Алматы облысының Алмалы ауылында таныс қызын үйіне шығарып салуға барған 17 жастағы Жангелді Мұратты пышақтап өлтірген 14 жастағы мектеп оқушысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 1 қаңтар күні болған. Медицина колледжінің екінші курсында оқитын бозбала танысының өтінішімен оны үйіне дейін жеткізіп салмақ болғанда, алдынан шыққан үш жігіт қызды қарындасымыз деп мәлімдеп, дау шығарған. Сөзден басталған жанжалға күдіктілердің үлкен ағасы мен анасы араласып, төбелес кезінде Жангелді байқаусызда әйелді қағып кеткеннен кейін 9-сынып оқушысы оған бірнеше рет терең пышақ жарақатын салған.
«Куәгерлердің айтуы бойынша. Балаңыз 5-6 адым аттады, осы жерге құлады деді. Пышақты алған да, бала, қашып кеткен. Ар жағындағы көршісіне барған, көмек сұрап. Көршісінің таксиіне шалқасынан жатқызып апарған. Өзінің қанына өзін тұншықтырып апарып отыр ғой. Не бірінші көмек көрсетілмеген. Анасы болған. Анасының көзінше баламды пышақтап өлтіріп отыр», – деді марқұмның анасы Жанар Талғамбаева.
Қансырап қалған жасөспірімді ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Сот шешімімен адам өлтіру бабы бойынша кінәлі деп танылған жасөспірім 8 жылын темір торда өткізетін болды және жәбірленуші тарапқа 10 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Алайда қыршын кеткен студенттің жақындары бұл үкіммен келіспей отыр және істің топтасып адам өлтіру бабы бойынша қайта тергелуін талап етуде.
«Түсім болғай деп тұрамын ғойғ күнде таңертең. Жаман түс көргендей болайын деп тұрамын. Балам қасымда болса деп тұрамын. Балам қабірде жатқанын көремін, міне. Маған ауыр тиеді. Өзімен-өзі жүрген тұңғышым ғой, менің, ешкіммен шаруасы жоқ. Еркелетіп, құшақтап, сүйгім келеді, баламды. Тәтті тамағын бергім келеді, халаттарына күнде үтік басып бергім келеді», – деді ол.
Жәбірленуші тараптың сөзіне қарағанда, төбелес кезінде марқұмды оңдырмай төмпештеген екінші күдіктіге қатысты сот процесі әлі жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар