«Көретін фильм емес»: Мөлдір Мұқанованың алғашқы картинасы желіде сынға қалды
20 қарашада еліміздегі кинотеатрларда продюсер әрі актриса Мөлдір Мұқанованың дебюттік жұмысы – «Шәй в большом городе» фильмі жарық көрді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жары түсірген бұл туындыны көпшілік асыға күткенімен, алғашқы көрермендер тарапынан оң пікірден гөрі сын көбірек айтылуда. Мөлдір Мұқанова фильмнің продюсері ғана емес, басты рөлді де өзі сомдаған. Оның айтуынша, картина қоғамдағы әйел өміріне қатысты өзекті мәселелерді қозғайды және актрисаның жеке өмірінен бұрын белгісіз болып келген жайттар да фильм желісіне енгізілген. Алайда бұл идеяны көрермендердің басым бөлігі толық қабылдай қоймаған сыңайлы. Threads желісінде фильмді тамашалағандар өз пікірін ашық бөлісуде. «ariwithnoferrari» есімді қолданушы анасымен бірге екі ай бойы күтіп барғанын, бірақ мүлде әсер ала алмағанын жазған. Көрерменнің анасы:
«Мүлде түсініксіз. Фильмде жылаймын деп майлық алып бардым, бірақ жылайтын жер болмады. Соңы да түсініксіз аяқталды. Тек Мөлдірді қолдау үшін ғана баруға болады», – деп пікір қалдырған.
Басқа қолданушылар да фильмге байланысты қатаң сын айтуда: «Өмірімде көрген ең мағынасыз фильм», «Жарты жолда залдан шығып кеттім», «Сюжеттің өзі жоқ, актерлердің ойыны өте әлсіз», «Асығыс түсірілгені көрініп тұр, шикі», «Мөлдірдің дикциясын тыңдаудың өзі қиын», «Фильмдегі киімдер, баннер, тіпті шрифттердің өзі сәтсіз», «Бір қолдайық, бірақ бұдан кейін кино түсірмесін», «Отандық кинематографияның деңгейін түсірмеңіздер». Кейбір пайдаланушылар тіпті картинаны Мөлдірдің әртүрлі сұхбаттарында айтқан жеке өмір оқиғаларының көшірмесі деп бағалаған. Желідегі талқылауларға қарағанда, көрермендер фильмнің басты кемшіліктері ретінде актерлік ойынның әлсіздігін, логикалық байланысы жоқ сюжет пен көркемдік стандарттардың сақталмауын, визуал мен эстетиканың сапасыздығын атап өтуде. Киноны экранда көріп отырып, жарты жолда залдан шығып кеткендер де аз болмаған.
Қоғамда үлкен қызығушылық тудырған «Шәй в большом городе» алғашқы күннен-ақ қызу талқыға түсіп, Мөлдір Мұқанованың кино әлеміндегі алғашқы қадамы көпшіліктің күткен деңгейіне жете қоймағаны байқалды. Дегенмен фильм көрсетілімі жалғасып жатыр, сондықтан көрерменнің екінші легі қандай баға беретінін уақыт анықтайды.
Соңғы жаңалықтар