Маңғыстауда 16 жасар қызға қатысты зорлық ісі: Іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Маңғыстау облысында 16 жастағы қызға зорлық көрсетті деген іс бойынша соңғы күдікті қолға түсті. Бұл туралы жәбірленуші анасының өкілі Ажар Қартбай хабарлажы, деп жазады Politico.kz.
Ұсталған азамат – 1983 жылы туған Ержан Қазанғалиұлы Мұстафаев. Ол 2026 жылдың 11 ақпанынан бері ресми түрде іздеуде болған.
«Мендегі ақпарат бойынша, кеше Маңғыстау облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы қашқынды құрықтап, ұстау операциясын сәтті жүргізді. Қазіргі уақытта ұсталған азамат ресми түрде уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Ажар Қартбай.
Тергеу нұсқасына сәйкес кәмелетке толмаған қыз 2025 жылдың қазан айынан желтоқсанға дейін бір топ адамның зорлығына ұшыраған. Бұған қоса күдіктілер жәбірленушіні тыйым салынған заттарды қолдануға көндірген.
Бұл іс бойынша төрт ересек ер адам және жәбірленушінің кәмелетке толмаған танысы өтіп жатыр. Айыптау тарапының сөзіне қарағанда, дәл осы қыз жәбірленушіні ер адамдарға ертіп апарған. Оған кәмелетке толмаған баланы тыйым салынған заттарды тұтынуға тарту және өзі куә болған қылмыс туралы хабарламау айыбы тағылды.
Ер адамдар кәмелетке толмаған қыздың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы бірнеше рет қылмыс жасады деп айыпталып отыр. Сондай-ақ оларға қызды тыйым салынған заттарды тұтынуға үгіттеді деген айып тағылған. Олардың бірі бұл заттарды сату мақсатында заңсыз айналымға шығарды деп күдіктелуде.
Қазіргі кезде тергеу толық аяқталып, барлық материалдар Ақтау қалалық сотына жолданды. Жәбірленуші кәмелетке толмағандықтан, бұл іс жабық сот отырысында қаралады.
Соңғы жаңалықтар