Маңғыстауда ер адамдарға әйелдерге арналған операция «жасалды» деген күдік туды

01.07.2026 20:09 Қарақат АСЫЛОВА
Маңғыстауда ер адамдарға әйелдерге арналған операция «жасалды» деген күдік туды
233
Маңғыстауда ер адамдарға жасалмаған ота рәсімделіп, миллиондар жымқырылған

Маңғыстау облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті екі жекеменшік медициналық орталықтың басшылығына қатысты Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу бастады, деп хабарлайды Politico.kz.

Тергеу мәліметінше, «ИБН СИНА» және «SOFIE MED GROUP» емханаларының лауазымды тұлғалары емдеу қызметтерінің құнын негізсіз арттырудың заңсыз тәсілін қолданған.

Атап айтқанда, варикоцеле диагнозы қойылған ер адамдарға көрсетілген медициналық қызметтерді рәсімдеу кезінде әйелдерге ғана жасалатын жоғары технологиялық қымбат ота – кіші жамбас ағзалары мен жатыр артерияларының эндоваскулярлық эмболизациясы қызметінің кодтары енгізілген.

Осының салдарынан 200-ден астам ер адамға шын мәнінде көрсетілмеген медициналық процедуралар тіркеліп, емдеу құны шамамен 10 есеге дейін негізсіз өсірілген.

Сонымен қатар, тергеу барысында сұралған 19 азамат аталған медициналық орталықтарға мүлде жүгінбегенін мәлімдеген.

Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген шығын 221 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Войдите, чтобы оставить комментарий