«Менен ұялып жүр деп жылайтынмын»: Асанәлі Әшімовтің жары актерға деген ренішін еске алды
Марқұм Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова «Время» газетіне берген сұхбатында ұлына жүкті кезінде күйеуімен арада болған түсініспеушілік пен өкпе-ренішін бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, үйленгеннен кейін бес жыл бойы ортақ баланың болмауын екеуі де қалыпты қабылдаған. Ал халық әртісі 70 жасқа толғанда жарының аяғы ауыр екенін біліп, ерекше қуаныштан бірден жасарып сала берген.
Алайда босануға аз уақыт қалғанда отбасында күтпеген реніш орын алған.
«Аяғым ауырлап, босануға жақындаған шақта, әсіресе Жаңа жыл қарсаңында бізді түрлі орталар мен салтанатты жиындарға жиі шақырды. Бірақ Асекең мені ешқайда апармай, өзімен бірге алып жүруден бас тартты. Ол көз тиіп кете ме деп қатты қорыққан екен. Ал мен болсам "түрім бұзылып, семіріп кеткен соң менен ұялып жүр екен" деп ойлап, өкпелеп жылайтынмын. Ол мені жай ғана қауіптен қорғап жүргенін кейін түсіндім», – дейді жары.
Сонымен қатар Бағдат Әшімова жүктіліктің ауыр кезеңіне қарамастан жаңа үйдің құрылысын толықтай өз мойнына алғанын еске алды.
«Біз ол кезде қонақүйде тұрып жаттық, себебі жер үйдің құрылысы жүріп жатқан. Барлық жұмысты өзім қадағаладым. Бір күні ішім қампиып тұрғанына қарамастан, салынып бітпеген ғимараттың үшінші қабатына дейін шығып кетіппін. Сол сәтте құрылыс басына келген Асекеңнің зәресі ұшып, мені қатты ұрысқаны әлі есімде», – деп ағынан жарылды Бағдат Әшімова.
Соңғы жаңалықтар