«Мені алып кетіңдерші»: Қарағандыда 28 жастағы келіншектің өліміне қатысты туыстары мен полиция не дейді?

01.10.2026 • 09:22 Мөлдір ҚАЙНАР
«Мені алып кетіңдерші»: Қарағандыда 28 жастағы келіншектің өліміне қатысты туыстары мен полиция не дейді?
632
Фото: туыстарынан

2025 жылдың шілдесінде Қарағанды қаласында 28 жастағы Динара Мыңбаева көз жұмды. Қайғылы оқиға қарсаңында ол жақындарына телефон шалып, күйеуінен алып кетулерін жалынып сұраған әрі отбасылық жанжалдан соң полиция шақыртқан. Ал келесі күні келіншектің асылып тұрған денесі табылды. Қазір құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр, ал марқұмның туыстары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды талап етуде, деп хабарлайды Politico.kz.

«Мені мына жерден алып кетіңдерші» — бұл сөзді Динара Мыңбаева өлімінен біраз уақыт бұрын жақындарына айтқан еді. Келіншек 2025 жылдың 3 шілдесінде қайтыс болып, артында екі кішкентай ұлы қалды. Туыстарының айтуынша, кейінгі жылдары бұл шаңырақта ұрыс-керіс тыйылмай, тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алып келген. Қазір олар Динараның өліміне не себеп болғанын ашық әрі толық тексеруді талап етуде.

Марқұмның әпкесі Әсел Тұрдықұлова сіңлісінің соңғы сағаттары мен отбасын мазалаған, әзірге жауабы табылмаған сауалдар жайында айтып берді. Динара 2020 жылы тұрмысқа шыққан. Екі жыл өткен соң күйеуі екеуі Сарыағаштан Қарағандыға көшіп барады. Ерлі-зайыптының екі ұлы бар: қазір үлкені — төртте, кішісі екі жарым жаста. Әселдің айтуынша, отбасындағы келеңсіздіктер бірден басталмаған. Туыстарына белгілі болған алғашқы қол көтеру дерегі 2024 жылы орын алған.

«Кезекті бір жанжалдан кейін Динара әкеме телефон шалып, өзін алып кетуін сұрады. Әкем Шымкенттен Қарағандыға барды. Сіңлім бір айға жуық уақыт ата-анасының үйінде болды. Әкем мен шешем оны күйеуіне қайта жібергісі келмеген еді. Алайда кейін күйеуі артынан келіп, кешірім сұрап, енді қайтып қол көтермеймін деп уәде берді. Динара оған сеніп, қайта оралды», — деді Әсел Тұрдықұлова.

«Бәрі өзгереді деп үміттенді»

Әпкесінің айтуынша, жағдай кейін тағы қайталанған. 2025 жылдың көктемінде, яғни Динараның өлімінен үш айдай бұрын Әсел Қарағандыға барған кезде сіңлісінің жылап отырғанын көрген.

«Ол маған: "Мені мына жерден алып кетіңдерші" деді. Біз сол кезде оның күйеуімен сөйлестік, ол бәрін түсінген сияқты көрінді. Кейін арадағы қарым-қатынас түзелгендей болды. Біз жанжалдың әлі де тоқтамағанын тіпті білмеппіз», — деп еске алады ол.

Соңғы қоңыраулар

2 шілде күні кешке Динара анасына қайта қоңырау шалып, өзін алып кетуді өтінген. Ата-анасы ертеңіне жолға шығатындарын айтып уәде берген. Бірақ келесі күні-ақ оның асылып өлгені туралы қаралы хабар жетеді.

«Сол түні ол тек ата-анасына ғана емес, күйеуінің ұрып-соққанын айтып полицияға да шағымданған. Полиция келіп, күйеуін алып кеткен, бірақ бір-екі сағаттан кейін белгісіз себеппен босатып қойған. Біздің болжамымызша, ол үйге оралып, арадағы жанжал одан әрі ушыққан. Күйеуінің сөзіне сенсек, Динара таңғы сағат 9 шамасында асылып қалған. Ал бізге бұл туралы тек түстен кейін хабарлады. Полиция мен жедел жәрдемге де хабар бірден берілмеген. Біз оның өмірінің соңғы сағаттарында қандай жағдайлар орын алғанын және нақты не болғанын анықтауға тырысып жатырмыз», — дейді марқұмның әпкесі Әсел Тұрдықұлова.

Сондай-ақ сараптама нәтижесінде марқұмның денесінен жарақат іздері табылмағаны айтылуда.

Ресми мәліметтерге сәйкес, оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде келіншектің өліміне дейін болған жағдайлар мен олардың осы оқиғаға ықтимал байланысы жан-жақты тексерілуде. Өлімнің нақты себептері тергеу аяқталған соң белгілі болады.

«Тергеу амалдары жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша анықталған барлық мән-жайларға құқықтық баға беріліп, заңға сәйкес түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», — деп атап өтті Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар ведомство өкілдері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын тергеу аяқталғанға дейін тексерілмеген ақпарат таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырды.

Войдите, чтобы оставить комментарий