«Менімен емес, төрешілермен алыс»: Головкин мен Қаженов арасындағы дау басылар емес
Қазақстандық спорт журналисті Аслан Қаженов Ұлттық Олимпиада комитетінің және World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкинмен арадағы даудан кейін тағы бір жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл жолы журналист Азия ойындарындағы қазақстандық боксшылардың жекпе-жектеріне қатысты төрешілік мәселесін көтерді.
Бұған дейін Қаженов Азия ойындарындағы бокс бәсекесінен кейін Головкинмен амандасуға барғанын, алайда одан «бесстыжий» деген сөз естігенін мәлімдеген еді. Журналист осы жағдайдан кейін Головкинге деген бұрынғы құрметі «нөлге түскенін» жазған. Сондай-ақ ол Виктория мен Ясминаның нәтижелеріне қатысты мәселе көтеріп, нақты әрекет жасауға шақырған. Әзірге Головкин бұл мәлімдемеге ашық жауап берген жоқ.
30 қыркүйекте Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі парақшасында «Бесстыжий кім сонда?!» деген тақырыппен жаңа жазба жариялады. Онда журналист қазақстандық боксшылардың бірнеше жекпе-жегіндегі төрешілер шешіміне наразылығын білдірді.
Қаженовтің пікірінше, үш қазақстандық боксшының жеңісі әділетсіз шешімдердің салдарынан қолдан кеткен. Ол мұны World Boxing жүйесіндегі төрешілік мәселелермен байланыстырып, ұйым басшылығын сынға алды.
Журналист Головкиннің халықаралық бокс ұйымының тізгінін ұстағалы бір жылға жуық уақыт өткенін еске салып, бастапқыда спортшылардың құқығын қорғау және әділ төрешілікті қамтамасыз ету жөнінде айтылған мәлімдемелерге назар аударды.
Қаженов төрешілер құрамына да сұрақ қойды. Оның айтуынша, жарыста Гватемала, Шри-Ланка, Аргентина, Өзбекстан, Тәжікстан және Жапония секілді елдердің өкілдері төрелік етіп жүр, ал қазақстандық төрешілер жоқ. Журналист мұның себебін түсіндіру қажет деп есептейді.
Сонымен қатар ол қазақстандық тараптың даулы нәтижелерге байланысты наразылық білдіргенін айтып, мұндай шағымдар спортшылардың нәтижесін өзгерте ала ма деген мәселеге күмән келтірді.
Қаженов өз сынын қазақстандық боксшылар мен олардың бапкерлерінің еңбегін қорғау ниетімен байланыстыратынын жеткізді.
«Менімен алысқанша, төрешілермен алыс, жүйемен алыс», – деген журналист Головкинді төрешілік пен бокстағы жүйелік мәселелерге көбірек назар аударуға шақырды.
Ол сондай-ақ спортшылар жекпе-жекке бар күшін салып шығып жатқанын айтып, олардың еңбегі төрешілердің даулы шешімдерінің кесірінен еш кетпеуі тиіс деген пікір білдірді.
Айта кетейік, Аслан Қаженов пен Геннадий Головкин арасындағы дау 29 қыркүйекте жария болған. Қаженовтің айтуынша, бокс сессиясынан кейін Головкин оған «бесстыжий» деген сөз айтқан. Журналист бұған жауап ретінде Головкинді «нақты жұмыспен айналысуға» шақырған болатын.
Соңғы жаңалықтар