Mercedes-Benz компаниясы қару-жарақ өндірісіне шығуы мүмкін
Германияның ірі автоконцерні Mercedes-Benz Group болашақта қорғаныс және қару-жарақ өндірісі нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Дегенмен компания өкілдері негізгі бағыт ретінде жеңіл көліктер өндірісі сақталатынын атап өтті.
Компания басшысы Ола Каллениус бұл қадам қазіргі әлемдегі геосаяси жағдай мен қауіпсіздік қатерлерінің артуымен байланысты екенін айтқан. Оның сөзінше, егер бұл бағыт экономикалық тұрғыдан тиімді болса, концерн қорғаныс саласында да жұмыс істеуге дайын.
Басшылықтың айтуынша, бұл сала компанияның жалпы табыс құрылымында тек шағын үлес алуы мүмкін, бірақ болашақта өсімі жоғары бағыттардың бірі болуы ықтимал.
Сонымен қатар, бұған дейін Германияның тағы бір автогиганты Volkswagen Израильдің қорғаныс саласындағы Rafael Advanced Defense Systems компаниясымен ықтимал әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тараған.
Сарапшылар мұндай үрдіс Еуропадағы ірі өнеркәсіп компанияларының қорғаныс секторына қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді деп бағалауда.
Соңғы жаңалықтар