Меруерт Өтекешова мен Болат Әбділманов Қазақстанның халық әртісі атанды

Меруерт Өтекешова мен Болат Әбділманов Қазақстанның халық әртісі атанды
24.10.2025 15:27
0
329

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан және белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, – деп хабарлайды POLITICO.KZ

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы мәдениет саласының көрнекті өкілдері З.Алтынбаеваға, Ә.Алтынбекке, Н.Жмеренецкаяға, Б.Қажыбаевқа, белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері И.Сауэрге және тағы да басқаларға берілді. 

«Қазақстанның халық жазушысы» атағына ақын М.Айтқожа, жазушы Ғ.Қабышұлы, «Қазақстанның халық әртісі» атағына музыка, театр және кино өнерінің көрнекті қайраткерлері Б.Әбділманов, М. Өтекешова, А.Жайымов, Т.Жанқұл, Ш.Жанысбекова, Б.Ибраев, К.Қазақбаева, Р.Машурова лайық деп танылды. 

Денсаулық сақтау және ғылым саласының бірқатар өкілі «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атақтарына ие болды. 

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, I, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды. 

Айта кетерлік жайт, Жұмысшы мамандықтары жылына орай Республика күні қарсаңында еңбек әулеттерінің 138 өкілі, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 500-ге жуық жұмысшысы мен еңбеккері, шағын және орта бизнестің 200-ге жуық өкілі, 130-дан астам ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері және күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген басқа да азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий