Непалда тасқын құрбандары жаппай жерленіп жатыр

31.08.2026 16:46 Мөлдір ҚАЙНАР
Непалда тасқын құрбандары жаппай жерленіп жатыр
204
Фото: Ritesh Shukla/Getty Images

Непал мен Қытай шекарасындағы мұздықтың опырылуынан болған жойқын су тасқынынан кейін Читван аймағында жеке басы анықталмаған жүздеген адамның мәйіті жаппай жерленуде, деп хабарлайды Politico.kz.

Табиғи апат салдарынан шамамен 750 адам көз жұмып, 3000-нан астам тұрғын хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Читванның Бхаратпур аудандық әкімшілігінің басшысы Ганеш Арьял мәйіттердің тез шіруі халық денсаулығына қауіп төндіретіндіктен осындай қадамға баруға мәжбүр болғандарын айтты. Сенбіде 96 адамның денесі Девгхат орманына жерленсе, жексенбіде тағы 100-ден аса мәйітті қою жоспарланған.

Болашақта туыстары тауып жатса, қайта қазып алуға мүмкіндік болу үшін әрбір қабірдің нақты орны белгіленіп, барлық мәйіттен ДНҚ үлгілері алынды. Бұл процеске Үндістан мен Қытайдан келген сот-медициналық сарапшылар да көмектесуде.

Мәйітханаларда орын тапшылығы қатты сезіліп отыр. 50 орынға арналған ғимаратта 125-тен астам мәйіт жиналып қалған, шіру процесін баяулату үшін кондиционерлер мен құрғақ мұз қолданылуда.

«Табылған мәйіттердің жартысынан көбін тану мүмкін емес, көбінің бет-әлпеті бұзылып кеткен», – деді құтқару тобын басқарып жүрген инспектор Анил Тапа.

Қазіргі таңда Chitwan Expo Centre кешеніне шалғай өңірлерден жүздеген отбасы жиналып, фотосуреттер арқылы жоғалған жақындарын іздестіріп жатыр. Іздеу-құтқару жұмыстары мен мәйіттерді судан шығару әлі де жалғасуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий