​Ұлдана Мырзуанның өлімі: Істе жаңа деректер пайда болып, сот тергеуі қайта қаралуы мүмкін

01.10.2026 • 16:37 Мөлдір ҚАЙНАР
​Ұлдана Мырзуанның өлімі: Істе жаңа деректер пайда болып, сот тергеуі қайта қаралуы мүмкін
126
Фото: коллаж politico.kz

Астанада қайғылы түрде көз жұмған Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков сотталушы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты іс бойынша сот тергеуін қайта жаңғыртуды сұрап, өтінішхат түсірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Адвокаттың айтуынша, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында жәбірленуші тараптың құрылыс компаниясы мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысына берген шағымы қаралған. Қорғаушы іс үшін аса маңызды жаңа жайттар анықталғанын алға тартып, процесті қайта қарау қажеттігін түсіндірді:

«Егер тарап іс үшін маңызы бар жаңа мән-жайлар туралы хабарласа, сот тараптардың өтініші бойынша немесе өз бастамасымен сот тергеуін қайта бастайды. Мұндай жағдайда тергеу судьясының шағымды қарау нәтижесі қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларын және әрекеті не әрекетсіздігі бағалануға тиіс тұлғалардың толық шеңберін анықтау үшін тікелей маңызы болуы мүмкін», – деді адвокат Нұрсұлтан Орынбеков.

Осыған орай, адвокат соттан МИБ төрайымы Жұбаниязоваға қатысты тергеуді қайта бастап, тергеу сотының қабылдаған сот актісі мен барлық ресми құжаттарын алдыруды талап етті. Төрағалық етуші судья бұл өтінішхат бойынша түпкілікті шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне шықты.

Айта кетейік, бүгінгі сот процесінде сотталушы Сәуле Жұбаниязоваға соңғы сөз беру жоспарланған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий