"Баламның бүкіл денесі өртеніп кеткен" - Тоққа түсіп мерт болған баланың анасы

03.05.2025 12:05
0
389
коллаж Stan.kz

Орал қаласында тоқ соғып қайтыс болған 9 жастағы Ануар Рахимовтың анасы Тұрсынгүл Бисекенова оқиғаның қалай болғанын егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды POLITICO.KZ "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай 30 сәуір күні кешке Исатай-Махамбет көшесіндегі №82 үйдің маңында орын алған. Бұл туралы “Мой Город” басылымы хабарлады. Куәгерлердің айтуынша, бала допты алу үшін электр қосалқы станциясының шатырына көтерілген кезде, жоғары кернеулі токқа түсіп қалған. Салдарынан оның денесінің 95 пайызы күйіп, ауыр хәлде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің екі күндік күресіне қарамастан, 1 мамыр күні кешкі 22:30 шамасында бала көз жұмды.

Анасы Тұрсынгүл Бисекенова баласының мектептен кейін үйге келгенін, тамақтанып, киімін ауыстырып, кешкі сағат 19:00 шамасында далаға ойнауға шыққанын айтты. Арада жиырма минут өткенде үлкен ұлына достары қоңырау шалып, «інің құлап қалды» деген. Алайда ата-анасы баланың ток соғып, ауыр жағдайға тап болғанын білмеген. Анасының айтуынша, Ануар достарымен футбол ойнап жүрген кезде добы электр қосалқы станциясының шатырына түсіп кеткен. Балаларға арналған арнайы алаң болмағандықтан, олар үйдің артындағы қоқыс жәшіктерінің маңында футбол ойнауға мәжбүр болған. Допты алу үшін Ануар ағаш пен тақтай арқылы шатырға көтерілген. Шатырдан түспек болған сәтте аяғы жоғары кернеулі 10 мың вольттық ток өтетін сымға ілініп, токқа жалғанған тросты ұстап қалған. Сол сәтте өрт шығып, бала ауыр күйікке шалдыққан.

Оқиға орнына алғаш жеткен тұрғындардың бірі баланы жерге түсіріп, киімдерін шешуге тырысқан. Анасы баласының денесін күйіп кеткен күйде көрген сәтін еске алып, жанұшыра жедел жәрдем шақыртқанын жеткізді. Дәрігерлер баланың өмірі үшін бар күшін салғанымен, оның оң қолы мен оң аяғын кесуге тура келген. Бірақ бұл шаралар баланың өмірін сақтап қалуға жеткіліксіз болды.

Анасы бұл жағдайдың алдын алуға болар еді деп есептейді. Оның айтуынша, үй маңында қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Қосалқы станция қоршалмаған, ал балалар ойнайтын қауіпсіз орын қарастырылмаған. Ол мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелердің немқұрайлылығына наразы. «Горсвет» пен төтенше жағдайлар қызметі бұл аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс еді. Ағаштың үстінде ілініп тұрған сымдар найзағай түскен жағдайда үлкен апатқа себеп болуы мүмкін», – дейді Тұрсынгүл Бисекенова. Ол бұл істі жайына қалдырмайтынын, жауаптылардың жазалануы үшін барын салатынын мәлімдеді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий