Өскемен әкімінің үстінен сотқа арыз түсті

30.07.2026 20:59 Қарақат АСЫЛОВА
Өскемен әкімінің үстінен сотқа арыз түсті
164
Фото: Egemen Qazaqstan

Өскемен әкімдігі төтенше жағдай кезінде халықты хабардар ету тәртібін бекітуге міндеттелді, деп хабарлайды Politico.kz.

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында азаматтың Өскемен қаласының әкіміне қатысты әрекетсіздігін заңсыз деп тану және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарды уақтылы хабардар ету міндетін жүктеу туралы әкімшілік іс қаралды.

Сотқа дейінгі дайындық барысында жүргізілген татуластыру рәсімдерінің нәтижесінде тараптар өзара келісімге келіп, оны соттың бекітуіне ұсынды. Сот келісімнің талаптары Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес келетінін, заңнамаға қайшы емес екенін және үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзбайтынын анықтады.

Бекітілген келісімге сәйкес, Өскемен қаласының әкімі 2026 жылғы 30 шілдеге дейін қауіпті өндірістік нысандарда техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде халықты хабардар етуге арналған міндетті регламент әзірлеп, бекітуге міндеттенді.

Жаңа регламентте тұрғындарды жедел құлақтандыру, жағдай нақтыланған сайын ақпаратты кезең-кезеңімен жеткізу, жаңа мәліметтер түскен жағдайда қайта хабарлау, сондай-ақ ресми интернет-ресурстар мен бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда, барлық қолжетімді байланыс арналары арқылы ақпарат тарату көзделген.

Сот ұйғарымымен татуласу туралы келісім бекітілді. Осыған байланысты талап қоюшы өз талаптарынан бас тартып, әкімшілік талап кері қайтарылды.

Қазіргі таңда сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий