«Үш айдан бері көмектеспеді»: Жанель Мақажан бұрынғы күйеуі Абай Асылханды сотқа бермек
Танымал актриса Жанель Мақажан бұрынғы жұбайы, актер Абай Асылханға қатысты даулы мәлімдеме жасап, мәселені заң жүзінде шешуге бел буғанын жеткізді, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесінің айтуынша, бұрынғы күйеуі үш айдан астам уақыт бойы қыздарына материалдық та, моральдық та қолдау білдірмей отыр. Актриса оның бұған дейін берген уәдесі сөз жүзінде ғана қалғанын ашына жазды:
«Үш айдан асты, әкесі қыздарына моральдық, материалдық көмек көрсетіп жатқан жоқ. 2-3 ай бұрын қыздардың әкесі кеткен кезде күтушісін, тамағын, балабақшасын, киім-кешегін, барлық материалдық жағдайын өз мойныма аламын деген. Сол күйі сөз жүзінде қалды», – дейді Жанель Мақажан.
Ол балалардың қажеттілігін өтеу туралы бұрынғы күйеуіне бірнеше мәрте айтып түсіндірмек болғанымен, одан еш қайран болмағанын жеткізді. Сонымен қатар актриса Абай Асылханның әлі де түрлі тойлар мен кештерде тапсырыс алып жүргенін алға тартып, оқырмандарынан оның жұмыс істеп жатқан сәттерінің фото-видео дәлелдерін жіберуді сұрады.
Жанель Мақажан мәселені енді ресми органдар арқылы шешу үшін мықты адвокат іздеп жатқанын, бұрынғы күйеуінің нақты табысын жасыру фактілерін заң шеңберінде анықтауға ниетті екенін қадап айтты.
«Баланы дүниеге әкеліп, оның барлық жауапкершілігінен қашқан адамды адамгершілікпен түсінбесе, онда заң қолдану керек деп ойлаймын», – деді актриса.
Айта кетейік, бұл — әзірге тек Жанель Мақажанның айыптауы. Актер Абай Асылханның тарапы бұл мәлімдемеге қатысты әлі ресми жауап берген жоқ.
Соңғы жаңалықтар