Өзін 12 жастағы қыз деп таныстырған әйел бөтен адамның үйінде бір жыл тұрған

23.06.2026 15:01 Мөлдір ҚАЙНАР
Өзін 12 жастағы қыз деп таныстырған әйел бөтен адамның үйінде бір жыл тұрған
319
Фото: коллаж POLITICO.KZ

Бразилияда жұртты таңғалдырған оқиға болды. 37 жастағы әйел өзін 12 жастағы қыз ретінде таныстырып, бір жылдан астам уақыт бөтен отбасының қамқорлығында өмір сүрген, деп хабарлайды Politico.kz.

Жоинвили қаласында болған оқиғада әйел өзін Габриэле деп таныстырып, жергілікті шіркеу арқылы ерлі-зайыптылармен танысқан. Ол басқа штаттан қатыгез ата-анасынан қашып келгенін айтып, олардың сеніміне кірген.

Әйел өзін аутизм мен басқа да ауруларға шалдыққанын, ал бала кезінде ата-анасы гормондық дәрілер бергендіктен ересек көрінетінін айтып түсіндірген. Осылайша ол 14 ай бойы өзін жасөспірім қыз ретінде көрсетіп жүрген.

Басылым мәліметінше, ол өзін кішкентай бала сияқты ұстап, ұйықтарда емізік бөтелкесін құшақтап жатқан. Ал кей кездері дауысын өзгертіп, түрлі ұстамалары бар адам секілді әрекет еткен.

Отбасы оған қатты бауыр басып, туған күнін атап өткен, қажетті дәрі-дәрмектерін алып беріп, тіпті ресми түрде асырап алуды да жоспарлаған.

Алайда уақыт өте келе туыстарының бірі оның әңгімелеріне күмәнданып, полицияға хабар берген. Тергеу барысында әйелдің шын мәнінде 37 жаста екені және бұған дейін де осындай алаяқтық әрекеттерге барғаны анықталған.

Қазір күдіктіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Ол сот шешімін күтіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий