«Партияға үміткер»: Депутат Бибісара Асаубаеваны қолдады

11.06.2026 17:12 Қарақат АСЫЛОВА
«Партияға үміткер»: Депутат Бибісара Асаубаеваны қолдады
309
Коллаж Politico.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Мұрат Әбенов шахматшы Бибісара Асаубаеваның Туризм және спорт министрлігіне қайтарған жауабын толық жақтап, ведомство басшысының әрекетін қателікке балады, деп хабарлайды Politico.kz.

«Не дейміз? Уәждері сауатты. Негізінен оныкі дұрыс, Президент ақылды әрі кітап оқитын зияткер ұлт туралы айтады, ал оның қарамағындағы министр шахматты басым спорт түрлерінің қатарынан шығарып тастады. Ол аз десеңіз, қателігін мойындамай, керісінше осы бұрыс қадамын негізгі уәж ретінде алға тартты. Өз қателігіңді көпшілік алдында айту – екі есе қателік демеуші ме еді. Үлкен саясатқа жаңа келген министрдің осындай тағы бірнеше қате жүрісі оның беделіне айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін. Ал Бибісара өзін тек шахматта ғана емес, түрлі партиялар үшін де жақсы үміткер ретінде көрсете білді)», – деді Мұрат Әбенов өзінің фейсбук парақшасында.

Осыған дейін танымал спортшы Instagram желісінде министрліктің ұстанымы Мемлекет басшысының бағытына қайшы келетінін мәлімдеп, шенеуніктерге қатаң жауап қайтарған болатын. Бұл дау Бибісара Асаубаеваның жалақының қысқаруы мен қолдаудың жоқтығын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық үндеу жолдауынан басталды.

Шахматшының сөзі қоғамда үлкен пікірталас тудырғаннан кейін Туризм және спорт министрлігі шұғыл баспасөз жиынын өткізуге мәжбүр болды. Аталған жиында вице-министр Серік Жарасбаев спортшының шағымын жоққа шығарып, Президент марапатының неліктен кешіккенін түсіндіре келе, қазіргі спортшылар ұлттық намыстан гөрі қаражатты бірінші орынға қояды деген пікір білдірген еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий