Президент: «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы

Президент: «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы
08.02.2025 16:00
0
184
Ақорда

«Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова форум барысында Президентке ұйымның қызметі мен азаматтық бастамалары туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде қозғалыстың 19 қалада кампусы бар, ал белсенді мүшелерінің саны 15 мыңға жуықтайды. Ұйым ел көлемінде ондаған азаматтық бастамалар мен әлеуметтік акцияларды жүзеге асырып, қоғамдағы түрлі келеңсіз жайттарға қарсы күрес жүргізіп келеді. Жастар вандализмге, заңсыз қоқыс тастауға, кәмелетке толмағандарға ішімдік сатуға, есірткі таратуға және басқа да әлеуметтік мәселелерге қарсы белсенді әрекет етуде.

Мемлекет басшысы форумға жиналған жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігіне жоғары баға беріп, олардың әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде Сіздерге зор үмітпен қараймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Президент еліміз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанын, алда ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Біз алға ұмтылған, дамыған ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлтқа айналамыз. Барлық оң өзгерістің басында жастар тұрады. «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы, тың көзқарастың көрінісі. Бұл – өз еліне адал, жанашыр жастардың қозғалысы! Сіздер біздің реформаларды қолдап, әділетті қоғам қалыптастыру жолында үлес қосып келесіздер. Бұл өзгерістер – «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген Әділетті Қазақстан құрудың басты тетігі, – деді Мемлекет басшысы.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий