Путин Киевке соққы беруді тоқтатты: Мәскеудегі келіссөзден кейін не белгілі болды?

06.09.2026 13:19 Қарақат АСЫЛОВА
Путин Киевке соққы беруді тоқтатты: Мәскеудегі келіссөзден кейін не белгілі болды?
414
Фото: РФ Президентінің ресми баспасөз қызметі

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Кездесуден кейін Ресей тарапы Киевке соққы жасауды уақытша тоқтатуға келісті.

Кездесу 5 қыркүйекте өтті. Оған Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков пен РФ Тікелей инвестициялар қорының басшысы, Ресей президентінің шетелдік елдермен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Кирилл Дмитриев қатысты. Келіссөз шамамен 3 сағат 10 минутқа созылған.

Кирилл Дмитриев бұл сапарды «маңызды бітімгерлік кездесу» деп бағалады. Ал Юрий Ушаковтың айтуынша, Ресей тарапы Украинадағы жағдайға қатысты өз бағасын ұсынып, қақтығысты саяси және дипломатиялық жолмен шешу бағытындағы АҚШ-пен бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін жеткізген.

Кездесу барысында тараптар Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мәселесін, сондай-ақ Киевке жасалатын соққыларды уақытша тоқтатуды талқылады.

Владимир Путиннің айтуынша, Киевке соққы беруді тоқтату туралы өтініш Ресейге арнайы қызметтер мен Сыртқы істер министрлігі арналары арқылы түскен. Осыдан кейін ол 5 қыркүйек сағат 00:00-ден бастап Украина астанасына соққы жасамау туралы тапсырма берген.

Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл шешімнің үш тәулікке созылатынын айтқан болатын.

Путин сондай-ақ Уиткофф пен Кушнердің Мәскеуге келуі қарсаңында Украина тарапы Ресей өңірлеріне, соның ішінде Мәскеуге жасалған соққылардың қарқынын едәуір төмендеткенін мәлімдеді.

Ресей басшысы Киев үш күнге кең ауқымды атысты тоқтатуды сұрағанын, алайда бұл мәселе бойынша нақты келісім болмағанын айтты. Сонымен бірге Путин келіссөз процесінің қауіпсіз өтуі үшін Ресей тарапынан қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.

Өз кезегінде Стив Уиткофф Путинге Киевке жасалған соққыларды тоқтатқаны үшін алғыс білдірді. Оның айтуынша, бұл шешім америкалық делегацияның Мәскеуге қауіпсіз түрде жетуіне мүмкіндік берген.

Келіссөздерден кейін Уиткофф пен Кушнер 6 қыркүйекте Киевке барып, Украина өкілдерімен кездеспек. Олар Мәскеудегі кездесуде Путиннен тікелей алған ақпарат пен қақтығысты ұзақ мерзімді шешуге қатысты ұсыныстарды талқылайды деп күтілуде.

Еске салайық, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамптың арнайы өкілдері Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздерді қайта бастайтынын растаған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий