«Бейқам отыруға болмайды»: Тоқаев шенеуніктерге ескерту жасады

«Бейқам отыруға болмайды»: Тоқаев шенеуніктерге ескерту жасады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерді елдегі кемшіліктерді жою үшін күш салуға шақырды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

«Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім. Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек. Мемлекетіміздің алдында тұрған нақты міндеттер мен жоспарлар жөнінде келесі аптада Қазақстан халқына Жолдауымда толығырақ айтамын», деді Тоқаев.

Президент білім беру саласын жан-жақты дамыту мәселесіне де тоқталды.

«Тағы бір маңызды міндет – білім беру саласын жан-жақты дамыту. Бұл, ең алдымен, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қажет. Осы уақыт аралығында еліміз бойынша 1483 балабақша ашылды. 1342 заманауи мектеп бой көтерді. Кейінгі жеті жыл ішінде жастардың жоғары білім алуы үшін жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді. Бұл шаралар жас буынның қалаған кәсіпті меңгеруіне, қабілетін ұштауына мүмкіндік береді», деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев ел жетістіктері туралы сөзін жалғастырды.

«Егемен елдің еңсесі – биік» деген сөз бар. Біз қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында түрлі салада толайым табысқа жетіп келеміз. Сондықтан бейбіт күннің қадірін біліп, мемлекеттігімізді күшейте түсу үшін табанды еңбек етуіміз керек», деді Президент.

Мемлекет басшысы әлемдегі өзгерістерге тоқталып, адам капиталын дамытудың маңызын айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, қазір әлем аса жоғары қарқынмен өзгеруде. Өркениет көшінен қалып қоймау үшін заман талабына сай әрекет ету ұдайы маңызды. Адам капиталын дамыту – еліміздің конституциялық міндеті. Біз саналы, жауапкершілігі мол, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті, отаншыл және адал азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуінің кепілі», деді Тоқаев.

Президент қоғамдағы құндылықтар мен ел бірлігі туралы да айтты.

«Отаншылдық, еңбекқорлық, жасампаздық, өзара сыйластық, жанашырлық құндылықтарын кең ауқымда дәріптеп, қоғамымызда жаңарған этика қалыптастыруымыз қажет. Халықаралық ахуалды, соның ішінде дамыған елдерде болып жатқан соңғы оқиғаларды көріп-біліп отырсыздар. Расында Заң мен Тәртіп сақталмаса, татулық пен ынтымақ болмаса, ешқандай даму, қысқасы, төрт құбыламыз түгел болмайтыны айдан анық. Біз ауызбіршілігімізді сақтап, ортақ мүдде жолында біртұтас қоғам болып еңбек етсек, кез келген белесті бағындырамыз, барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін!», деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін, Ақордада Республика күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мемлекеттік наградалар тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтуде. Жиында Президент Назарбаев туралы да сөз қозғады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу