Путин Кремльдегі пәтерін көрсетті

Владимир Путин Кремльдегі пәтерін көрсетті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ресей президенті Владимир Путин ВГТРК журналисі Павел Зарубинге арналған «Россия. Кремль. Путин. 25 лет» атты деректі фильмде Кремльдегі пәтерінің ішкі көрінісін көрсетті. Жарияланған үзіндіде алтын түсті, сәнді сылақпен безендірілген бөлме бейнеленген. Бөлмеде император Александр III-тің портреті мен ақ рояль бар.
Мемлекет басшысының жеке жаттығу залы да бар. Президент күн сайын сол жерде дене шынықтырумен айналысатынын айтты.
Президент ас әзірлейтін ас үй қандай?
Пәтерді көрсеткен соң Путин Зарубинді жарық түсті ас үйге алып барып, сүт ұсынды. Ол тоңазытқыштан өнімдерді шығарып, қонақты қандай тағаммен сыйлауға болатынын сұрады. Ас үй интерьерінде қара-ақ түсті еден және айнамен қапталған шкафтар ерекшеленді. Кейінірек екеуі бірге Кремльдегі салтанатты залда түскі ас ішті. Залда Иса пайғамбардың иконасы ілінген. Үстел үстінде түрлі соустар, банан, сүт өнімдері мен өзге де тағамдар болды.
Сұхбат барысында Путин Зарубинге мүкжидек тосабын да дәмін көруді ұсынды. Ол тосап құйылған тостағанды әкеліп, оған аздап бал қосқанын айтты.
Путин таңертеңгі жаттығуды қайда жасайды?
Кейін Путин журналисті өзінің күнделікті жаттығу жасайтын залына алып барды. Онда ол күніне бір жарым сағат спортпен айналысатынын айтты. Сонымен қатар, президент жүзу және мұзда конькимен сырғанауға да уақыт бөледі. Бұл көріністер «Россия 1» арнасынан көрсетілді.
Экскурсия кезінде журналист Путиннің бетіндегі сызаттың себебін сұрады. Президент оның спорт залында жаттығу кезінде маңдайын абайсызда ұрып алғанын түсіндірді.
Кремльде немерелерімен қалай кездеседі?
Путин сұхбат барысында немерелері кейде кенеттен қоңырау шалып, қонаққа барғысы келетінін айтатынын, алайда оның жұмыс кестесінің тығыздығын ескеріп, көбіне алдын ала ескертетінін жеткізді. Зарубиннің "қатал атасыз ба?" деген сұрағына президент: "Жоқ" деп жауап берді.
Депутаттар Путиннің ашықтығына баға берді
Мемлекеттік Думаның халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Алексей Чепа Путиннің Кремльдегі пәтерін ашық көрсеткеніне жоғары баға беріп, бұл оның жасыратын ештеңесі жоқ екенін білдіретінін атап өтті. Сонымен қатар, ол Путинді әлемдік деңгейдегі танылған саясаткер деп сипаттап, Украинаның қазіргі президенті Владимир Зеленскийді Батыс елдеріне – АҚШ пен Ұлыбританияға тәуелділігі мен ел ішіндегі тұрақсыздыққа байланысты мұндай ашықтыққа бара алмайтынын айтты.
Соңғы жаңалықтар





